Ақтаулық қыз-келіншектер түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр
Ақтаулық қыз-келіншектер де түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр.
Бірі шекара қызметін өмірлік мамандық ретінде таңдаса, енді бірі Маңғыстау жолдарының жай-күйін тексеретін мекемеде лауазымды қызмет атқарады.
Шекарашы Ләззат Маханбетқызы Ақтау халықаралық әуежайында жолаушылардың құжатын тексереді. Күдіктенсе, куәлік немесе төлқұжатты бірыңғай ақпараттық базаға салады. Іздеуде жүргені анықталса, құжат иесі қамауға алынады. Погонды ару бүгінге дейін көптеген заңбұзушылықты анықтаған.
Ләззат Маханбетқызы, ҚР ҰҚК ШҚ 2018 ә/б ефрейторы:
- Ақтау әуежайын Маңғыстау облысының визит картасы деп айтуға болады. Мұнда дүниежүзінен жолаушылар келеді. Біздің міндетіміз - олардың қазаққа тән қонақжайлықпен күліп қарсы алу, құжатын тексеру, қызмет көрсету. Күніне шамамен 200-дей кісі алдымыздан өтеді. Жұмысым әрине оңай емес, бірақ өзіме ұнайды.
Ал Гаухар Чухрухкидзе мемлекеттік мекеме зертханасын басқарады. Қызмет өтілін он жыл бұрын құрылыс компаниясында бастапты. Қазір оның қарамағында бес маман бар. Барлығы ер-азаматтар. Гаухар оқушы кезінен ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Әлем елдеріне есік ашық болғанына қарамастан, отандық оқу орындарында білім алған білікті маман.
Гаухар Чухрукидзе, зертхана меңгерушісі:
- Инженерлік-техникалық университетке «Бейорганикалық заттар өндірісі» мамандығын таңдадым. Жол құрылысы бала кезден қызықтыратын. Бұл сала елімізде қарқынды дамып келеді. Қазір заманауи зертханада қиыршық тас, бетон, жолы битумы, асфальт құрамын талдап, талаптарға сәйкес келуін жіті тексереміз.
Әсет Есетов, сапа жөніндегі менеджер:
- Ұжымның үштен бірі қыздар. Қазіргі уақытта көптеген адамдар жол саласында тек қана ер азаматтар қызмет атқарады деген ойлайды. Бірақ ол стеротипті Гаухар қазір бұзып отыр. Қыз бала болса да, өзінің қажырлы еңбегі, өзіне деген сенімділігімен үлкен белестерге жетіп отыр.
Біз әңгіме етіп отырған, ерлермен бірдей қызметте жүрген арулардың бәрі бір-бір отбасыны тербетіп отырған бақытты аналар. Жауапты жұмысын жанұя тірлігімен үйлестіре білген арулар ұжымға сыйлы, қоғамға үлгі.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев