Түркістанда погон таққан арулар сайыста жарысты

Халықаралық әйелдер күніне орай Түркістанда «Полиция аруы – 2024» байқауы өтті.

Сайысқа өңірдегі 17 аудан-қалада іріктеуден өткен қыз-келіншектер қатысып, бақ сынады. Погон таққан арулар қаруды шашып- жинап, нысана көздеп, мергендігін көрсетті.

23 жастағы Тойсұлу Нартай 2021 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек етеді. Бұрымды бойжеткен қазір Сауран аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып жүр.  Кішкентайынан әскери формаға қызыққанын айтады. Ата-анасы да тәртіпке, адалдыққа баулып өсіріпті.

Тойсұлу Нұртай, Сауран аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

- Жұлдыз таққаннан кейін оның бір сән үшін ғана емес, берілген антқа адал полицей ретінде де жауапкершілікті сезінеміз. Өзің таңдап, қалаған мамандығың болғаннан кейін қиындығы қатты білінбейді. Оның үстіне менің отбасым үнемі қолдап, демеп отырады. 

Аналар мен арулар мерекесіне орай облыстық ПД өз қызметкерлері арасында көктем аруы байқауы өтті.  Оған аудандық сайыста жеңіске жеткен 8 қыз-келіншек қатысты. Арулар алдымен өзін таныстырып, өнерін көрсетті. Одан кейін білім деңгейі сыналды. Түрлі сұраққа  жауап берді. Мергендігін паш етіп, қаруды уақытқа шашып-жинады. 

Бұл сайыста Тойсұлу Нартайға шақ келер қарсылас табылмады. Ол қаруды 5 секундта шашып, 10 секундта жинады. Басқа да көрсеткіштерін ескере отырып, қазылар алқасы оны байқау жеңімпазы деп таныды.

Тойсұлу Нұртай, Сауран аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

- Біз әйел адамдардың мықты екенін барынша дәлелдеуге тырыстық. Сайыстар анау айтқан қиын болған жоқ. Біз қай кезде де, қай нәрсеге болсын дайын тұратын полицейміз. 

Ал Созақ аудандық ПБ Көші-қон қызметінің инспекторы Назым Мұхтарқызы сайыстың екінші орын иегері атанды. Ол ІІМ қарасты Алматы академиясының түлегі. 2020 жылдан бері осы салада еңбек етеді. Қолы боста шығыс жекпе-жегімен айналысады. Ал үйде ибалы келін. Сиыр сауып, ас әзірлегенді ұнатады.

Назым Мұхтарқызы, Созақ аудандық ПБ көші-қон қызметінің инспекторы:

 - Менің жолдасым да полиция қызметкері. Қызығы мен шыжығы мол қызметте біз бір-бірімізді түсінеміз. Сонымен қатар отбасында да, үйде де осы қызметті қатар алып жүремін.Сайысқа қатысқан арулардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бірінен-бірі өтеді. Бұрымдылардың қабілетін бағалау әділқазы мүшелеріне  оңай соқпады.

Оспанғазы Жанқожаев, ішкі істер саласының ардагері:

- Өте керемет дайындалған. Қыздардың ер азаматтармен қатар пагон тағып, қиын жұмыста істеп жүріп, жеке өмірде өнерге, білімге, сұрақ-жауапқа сондай дайындықпен келгеніне көп рахмет. Өркендері өссін, қызметте табысты болсын.

Ақтолқын Әлімбаева, қазылар алқасының мүшесі:

- Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда өздерінің батырлығын көрсетіп жүрген ару қыздарымыз, өздерінің нәзіктіктерін, сұлулықтарын жоғалтпай жүргені, бүгінгі көрсеткен өнерлері өте әсерлі, жеңіске лайықты. Осындай аналардан болашақта батыр ұрпақ дүниеге келеді деп есептеймін. 

Байқау өте тартысты өтті. Бас жүлде иегері енді Астанада өтетін байқауда Түркістан облысының намысын қорғайды. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов