Қызылордада үш аттап секіруден рекордсмен келіншек тұрады
Үш аттап секіруден ел рекордын жаңартқан спортшы қыз қазір өрт сөндіріп жүр.
Құмға қарғу бойынша 10 метр 75 сантиметрді бағындырған қызылордалық Әсел Жадырасынова ептілігі мен жылдамдығын тілсіз жаумен күресуге қолданады. Жеңіл атлетикадан радиотелефония саласына ауысқан Әсел өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша да жетістіктерге жетіп жүр.
Желаяқ қыздың қазіргі жұмысы да шапшаңдықты қажет етеді. Радиотелефонистің жұмысы шақырту қабылдап, дабыл түймесін басу ғана емес. Өрт шыққан мекенжай мен аумақтағы өрт сөндіру гидрантын анықтап, сол аймақтағы электр және газ желісінің орналасуы жөнінде құтқарушыларға шұғыл ақпар беру де Әселдің міндеті. Одан бөлек жедел жәрдем, полиция және жергілікті әкімдікпен байланыс орнатуға да диспетчер жауапты. Әсел жұмыс істейтін бөлім қаланың индустриялды аймағында орналасқан маңызды бекет болып саналады.
Самат Нұрғалиев №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Шығу ауданында Саяхат, КБИ мөлтек ауданы, Белкөл кенті және Шиеліге жақын Тартоғай, Сұлутөбе, Бірқазан елді мекендерінде орын алған өрт дабылы бойынша осы өрт сөндіру бөлімі барады. Бұл бөлімнің ерекшелігі шығу ауданында өңкей өндірістік аймақ. Мұнай сақтау орындары, жанғыш қауіпті нысандар өте көп. Қыз баласына да ер азаматқа талап бірдей қойылады. Бірдей тапсырма беріледі.
Әсел Жадырасынова, №6 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі:
- Кішкентай кезімнен осы әскери жағына тұрғым келді мамандық бойынша. Жеңіл атлетика, спорттың арқасында осы жұмысқа орналастым. Өзіме ұнайды жұмысым. Ер балалар жақсы сыйлайды, 8-наурызда, мейрамдарда сыйлықтар беріп, қуантады, құрмет көрсетеді, қолдайды.
8 жасынан бері жеңіл атлетикамен шұғылданған Әсел Жадырасынова өрт-құтқару спорты бойынша ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. Облыстық қыздар командасымен күні кеше Өскемендегі жарыстан оралды. Алдағы сәуірде елордада қоссайыстан іріктеу жарысы өтеді. Құтқарушы арулар ұжымдық көрсеткішті жаңарту үшін жаттығу жұмыстарын күшейтті.
Венера Бермағанбетова №11 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі:
- Шабуыл сатысы жаттығуын орындадық. Әйелдер командасының рекорды 7,00 секунд. Бірақ өзімнің жеке рекордым 8,20. Ары қарай осы уақытымды жаңарту үшін тынбай еңбек етудеміз. Алда келе жатқан кубок бар. Соған дайындалу үстіндеміз. Қостанайда болады жазда. 4 түрінен болады: шабуыл сатысы, кедергілері бар 100 шақырым, жалынмен және 4 жолақты эстафетадан болады.
Жасы 30-ға таяған Әселдің арманы биыл Қытайда өтетін әлем чемпионатында топ жару. Содан кейін көп уақытымды отбасы, қос балапаныма арнаймын. «Желаяқ дара келіннен дана келінге айналатын кезең келіп жеткен секілді» дейді спортшы ару.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев