Семей полигоны. Құпия зауытты күзеткен қазақ
Ойрат Өрекенев 1927 жылы дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы чекистердің бірі. Қазақстанда кеден қызметін қолымен құрған ардагер.
Кезінде «Хабар» арнасының майталмандары «Ел ағалары» деген бағдарлама жасаған. Қазақ журналистикасының білгірі, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжайдың бастамасымен көрерменге жол тартқан бұл бағдарлама ел тарихындағы ерекше жандарды түгендеді. Солардың бірі – Ойрат Өрекенев. 2005 жылы Ойрат Өрекенев өмірден өтерден бұрын таспаға түсіріп алудың сәті келген. Бағдарламаның редакторы әйгілі Бейбіт Құсанбек.
Семей облысында қарсы барлау қызметін ұйымдастыру керек. Өйткені атом полигоны айналасына шетелдік шпиондар келе бастайды. Кеңес одағы сутегі бомбасын бірінші болып сынақтан өткізген соң шпиондық әрекеттер тіпті үдеді. Қалай да құпияны қорғап қалу керек еді.
Сол кезде біз оларды күзеттік. Ол кезде АҚШ-та суасты бомбасы жоқ еді. Атом бомбасын жару Қазақстанда – Семейде екінші болса, әлем бойынша суасты бомбасын жару Семейде бірінші болған. Сынақ балықтардың, құстардың зардап шекпейтінін көрсетті. Оны өз көзіммен көрдім. Қарсы барлау басқармасының бастығы ретінде барлығы менің бақылауымда болды. Қауіпсіздік комитеті тарапынан мен тексеремін. Сол кезде оның таза екеніне көзім жетті. Бірақ ары қарай не болғанын білмеймін, Алматыға қайтып кеттік – дейді ардагер.
Өрекенев Қарсы барлау қызметінде бірнеше шетел жансызын әшкереледі. Алматыдағы колхозшылар үйіне орналасып үлгерген агент анықталды. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысына барып, ол кезде «Пошта жәшігі» аталатын құпия зауытты қорғады. Мұнда атом бомбасын жасауға қажетті шикізат өндірілетін. Ол да өзге мемлекеттердің өндіршегін созған нысандардың бірі.
«10-пошта жәшігі» деп аталатын. Ол жерде атом бомбасына керек шикізатты дайындайтын. Ол да аса құпия дүние. Біздің алдымызда шетелдік жансыздарды әшкерелеуге қатысты бұйрық тұрған еді. Олар туралы жабық түрде деректі фильм түсірілді. Ол кейін көркем фильмге айналды. Сонда көрсетілгендердің барлығы басымыздан өтті. Ол кезде шетелдік жансыздарына қатысты Қазақстан Қауіпсіздік қызметінің жұмысы көп болды. Табысы да аз болған жоқ – дейді Ойрат Өрекенев.