Қазақ аналары Мәскеуде шеберлік сағатын өткізді

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігі Ресейдегі қандастардың басын қосты, деп хабарлайды 24KZ.

Ұйымның Мәскеудегі филиалы «Супер-келін» атты шеберлік сағатын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында ұлттық тағамдарды ұлықтау әрі отбасылық құндылықтарды дәріптеу.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі Мәскеуде салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында ұлттық тағамдар әзірлеуден мастер-класс өткізді. Қазақша ет, бауырсақпен бірге ұмыт бола бастаған кей тағам түрлері де дайындалды. Сарысекер мен балқаймақ дайындаудың тәсілдері көрсетілді.

Баян Нұрсапарова, «Қазақ аналары-дәстүрге жол» бірлестігі мәскеулік филиалының басшысы:

- Көбінесе бұрын Қазақстаннан кеткен жерлестеріміз келіп отыр. Алматылықтар, Астаналықтар. Орыс болса да, елін сағынып, туған жерім, қазақ елім деп, бүгінгі дастарқаннан дәм татайық деп сағынышпен келді.

Шеберлік сағатына қатысамын деп ниет білдіргендердің арасында Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келген қандастарымыз бар.

Гүлзифа Смирнова, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Мәскеу қазақтары жиналып, міне. Бұл – аталарымыздан қалған салт-дәстүр. Соны жастарға көрсету үшін жиналдық. Қазақ аналарының арқасында ұйымдастырылып жатқан  осындай шараны мейрам деуге де болады, осындай шара өтіп жатыр, соған қуаныштымын.

Қазақтың белсенді аналары осы жоба аясында алдағы уақытта мәдени және әдеби іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.