Түркістанда қайырымдылық қоры мен университет меморандумға отырды

Түркістанда «Халық» қайырымдылық қоры мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отырды, деп хабарлайды 24KZ.

Тараптар өңірде еріктілер жасағын құрып, жұмысты үйлестіруге ниетті. Еріктілер көмегімен әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық жобаларды іске асырмақ.

Айта кетейік, бүгінде қор еліміз бойынша 120-дан астам әлеуметтік жобаны іске асырды. Жиында еліміздегі волонтерлық топтардың рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғаны айтылды.

Әлібек Шоқпаров, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры:

- Түркістан өңірінде 188 мың көпбалалы отбасы бар. Біздің университетте сол отбасылардан шыққан студенттер де бар. Соларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар грант жүйесін, жақсы оқып жатқан балаларға көмек, демеу жасаймыз деп ойлаймын.

Нариман Бақытбайұлы, «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры:

- Қазіргі таңда қайырымдылық мақсатқа көптеген қаражат бөлініп отыр. Сондықтан еліміздің белсенді жастарын осы жұмысқа тартып, бірге жұмыс істеуге ынталандырып отырмыз. Олар күнделікті әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларға біз алып берген тауарларды жеткізіп береді, болашақта бірге жұмыс істейміз.