Ұлттық құрылтай: алғашқы күннің қорытындысы

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Келелі кеңестің алғашқы күні 4 сессия өтіп, қатысушылар талқы алаңын қыздырды. Отбасыдағы зорлық-зомбылықтан бастап өнердегі қордалы мәселелерге дейін қаралды. Алғашқы күннің қорытындысы қандай?

Бекзат Аманов, тілші:

- Атырау – тасын түртсең, тарихы сөйлейтін шежірелі аймақ. Ежелден бері талай атақты хан-көсемдер дәл осы жерде, бұрынғы Сарайшық қаласында ордасын тіккен. Яғни, мұнда тұтас ұлттың тағдыры, қазақтың қордалы мәселелері шешілді. Арада ғасырлар өтті. Тәуелсіз Қазақстанның игі жақсылары шежірелі мекенге қайта жиналды. Уақыт өзгергенімен, мақсат бұрынғыдай – елдің даму жолын саралау.

Бұл – Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы. Алғашқы күні сала серкелері 4 тақырыпты талқылады. Мәдениет пен руханият, азаматтық қоғам, білім-ғылым және әлеуметтік салаға серпіліс әкелудің жай-жапсары қаралды. Салмақты сарапшылардан оймақты ой түсті. Мәселен, Асқар Жұмаділдаев: «ғалымдарға берілетін грантты бөлу жүйесін өзгерту керек», – дейді.   

Одан бөлек, Ғылым академиясының статусын заң жүзінде көтеру маңызды. Егер ұсыныс орындалса, ғылым қазақша сайрап, ғалымдар шенді-шекпендінің рейтингін жасайды, – деп сендірді ол.

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- 150 университеттің ішінен 1 университеттің мәртебесін көтердік. Ал енді ғылымның ішіндегі жалғыз Ғылым академиясының мәртебесін биік қылмасақ, қазаққа ұят болады. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, әзірше Парламентте қаралып жатыр. Қазақ ғылым академиясы автономдық статус алады. Оның өзі жеке ғылым зерттеу орталықтарын ашу құқығы болады. Ол тақырыптарды өзі анықтайтын болады және қазақ тілін ғылым тіліне айналдыратын мүддесі болады. Бұған қоса министрлер мен әкімдердің рейтингісін де анықтау құқығы болады.

Саланың кемшіл тұстары министр Саясат Нұрбекке де мәлім. Оның айтуынша, бұған дейінгі басқосулар көп түйіткілді тарқатуға сеп берді. Мысалы, былтыр қабылданған 7 жылдық тіл саясаты тұжырымдамасының негізгі бөлімдерін осы құрылтай мүшелері енгізді. Сондықтан ведомство басшысы бұл жолы да жақсы ұсыныстан үмітті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бірінші мәселе, құрылтай мүшелері ең көп сынға алған. Қазіргі таңда басымдылық бағыттарымызды айқындайтын механизм әлсіз, шын мәнінде. 92 басымдылық бағытпен жұмыс істеп келе жаттық біз. Былтыр маңызды шешім қабылданды. 6 негізгі басымдылық бағытқа қысқарттық. Шашылмай, нақты. Ауылшаруашылық, қоршаған ортаны қорғау, кен байыту, энергетика, баламалы энергетика. Нақты 6 бағытпен жұмыс істейтін боламыз. Биылғы Жоғары ғылым және технологиялық комиссиясының отырысында осы жаңа механизм ұсынылатын болады.

Ел руханиятына арналған сессия да қызу талқымен өтті. Жоғарғы буын өкілдері: «қазақ киносы келемежге айналды», – деп комедияға шектеу қоюды талап етті. Ал сала мамандары мұнымен келіспеді. Керісінше, әзіл-оспақ кино өнерін дамытуға сеп береді. Енді осыны пайдаланып, көрермендер талғамын дұрыс арнаға бұру ғана қалды, – дейді сала мамандары.

Азамат Сатыбалды, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- 2011 жылы Қазақстан бойынша 8-ақ кино прокатқа шыққан. 1 жылда. Ал 2022 жылы 31 фильм, 2023 жылы 65 фильм шыққан прокатқа. Кеше ғана статистиканы білдім, 2024-тің екі айының ішінде қазақ киносы 7 млрд тауып отыр. Демек біз назары ауып тұрған көрерменді дұрыс бағытқа жіберуіміз керек.

Қазір күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі – отбасыдағы зорлық-зомбылық. Құрылтай барысында бұл тақырып та кеңінен талқыланды. Заңды күшейту, әйел теңдігі мәселесі айтылды. Бұл былтырғы құрылтайда да көтерілген, енді биыл да қатысушылар айрықша мән беріп отыр.

Айгүл Орынбек, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Зорлық-зомбылық мәселесі бізде былтырдан бері қаншама Парламент мінбесінде де көтерілді, қоғам талқысына да салынды. Бұның барлығында біз заңды шығару арқылы, заңды өзгерту арқылы қазіргі Ұлттық құрылтай аясында көтерілген мәселелерді осы былтыр көтердік Түркістан қаласында, биыл заңға өзгерістер енді, заң жаңарды.

Ел ішіндегі проблемаларды керісіп емес, келісіп шешу керек. Бұл үшін билік пен бұқараның байланысы тығыз болғаны жөн. Ермұрат Бәпи осылай деп азаматтық қоғамды жетілдіруді ұсынды. «Нәтижесіз текетіресті доғару керек», – дейді Мәжіліс депутаты.

Ермұрат Бапи, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Билік пен қоғамның тұтастығы жөнінде әңгіме көтермекші ойым бар. Қоғамдағы жекелеген жағдайлар бар, кейбір қоғам белсенділері әкімшілік жазаға тартылып жатқаны бар. Соның бәрін ерегіссіз, текетірессіз шешсек деген ұсыныстарым бар. Осы тұрғыда біраз әңгіме көтеріледі-ау деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтай дала демократиясын қайта жаңғыртты. Бағзы заманда Парламенттің рөлін атқарған кеңес қазір де мәртебесінен айырылмады. Жиынның жүйесі өзгерді, бірақ түпкі міндеті қаз қалпында. Қара мен ханның, билік пен бұқараның арасындағы көпірді нығайтып тұр.

Иә, бұл басқосу жай ұран емес, нақты орындалатын ұсыныстарымен салмақты. Себебі айтылған ой қағаз бетіне түседі, яғни қараусыз қалмайды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық құрылтай хатшысы:

- Хатшылық белсенді жұмыс істейтін болады. Әр 4 секциядағы ұсынылған, көтерілген мәселелердің барлығы осы құрылтайдың протоколына енеді. Бірінші күннің нәтижесін Президентімізге баяндаймыз. Бұл жерде ең бастысы секция жұмысы болсын, я болмаса құрылтайдың мүшелерінің барлық мәселесі қараусыз қалмайды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы ертең, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Негізгі мәселелер мен шешімдер сол жиында айтылады. Айтпақшы, биылғы басқосу амал мерекесімен тұспа-тұс келді. Демек игі жақсылар жыл басында өзара кеңесіп, елдің даму жолын саралап алмақ.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков.