Атырауда нейрохирургиялық қызметтің сапасы артты
Атырау өңіріндегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында «Қазақстан халқына» қоры облыстық балалар ауруханасына құны 100 млн теңге болатын заманауи құрылғы сатып алып берді.
«Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында алынған озық технология бүлдіршіндер мен ата-аналарға үміт сыйлауда.
Жаңа құрылғының пайдасын көргендердің бірі - 3 жасар Рахим Хабиев. Ол 19 ақпанда абсцесс диагнозымен облыстық балалар ауруханасына түскен. Ақ халатты абзал жандар нейрохирургиялық құрылғының көмегімен дереу басына операция жасап, баланың жағдайын жақсартты. Қазір анасы Динара Хансұлтановамен бірге оңалтудан өтіп жатыр. Жаңа жабдықтың игілігін көрген ана басқа қалаға сабылмай-ақ облыс орталығынан тиісті ем-дом алғанына риза.
Динара Хансұлтанова, Махамбет ауданының тұрғыны:
- Қазір баланың жағдайы жақсы. Осында келіп жаттығулар алды. Логопед, дефектолог, психолог мамандардың көмегіне жүгініп және жаттығулар жасалып жатыр. Қазір балам шүкір жақсы болды. Ауырып жатқан балаларға, ата-аналарына шыдамдылық беріп, құлан таза айығып кетуіне ниетімді білдіремін.
Қазір нейрохирургиялық көмекке жүгінетін бала көп. Бас және омыртқа жарақаттарын емдеуде жаңа жабдықтың маңызы зор. Мидағы қабынуларды да дереу анықтауға мүмкіндік береді.
Ержан Есболаев, Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
- Қазірге дейін осы костедержатель, многофункционалды стол арқылы бірнеше нейрохирургиялық операция жүргізілді. Ауруханамыз балаларға медициналық қызмет көрсететін жалғыз аурухана болғандықтан шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де жаңа туған балалардан бастап 18 жасқа дейінгі балалар көмек алып жатады. Мамандарымыз құрылғылардың жақсылығын, қолайлылығын пайдаланды, көрді.
«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен алынған жаңа құрылғының бірі – нейромонитор. Бұл операция кезінде науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстауға оңтайлы. Дегенмен заманауи құрылғыны қолдану оңай емес. Қазір облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері біліктілігін арттырып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин