Үміт пен спорт үндестігі
Елордада арбаға таңылған жеткіншек спорттың арқасында өз бетінше жүре алатын болды.
«Жас жауынгер» бейімдеу клубы осындай талай үмітті жалғап, мейірім сыйлап келеді. Спорттық ұйым «Қазақстан халқына» қорының қолдауына ие болды. Қазір елдің өзге аймақтарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға да тегін көмек көрсетіліп жатыр.
Есімбет 13 жаста. Анасы оны спорт клубына бес жыл бұрын алып келді. Даун синдромына шалдыққан әрі тірек-қимыл жүйесі бұзылған жеткіншек өз бетінше жүре алмайтын. Бапкердің кеңесі мен тұрақты жаттығудың нәтижесінде екі жылдан соң аяққа тұрды. Ұзақ уақыт уайымнан жүдеген ананың сол сәтте қуанышында шек болмады.
Роза Темірханова, Есімбеттің анасы:
- Бұл бала арбаға таңылған бала еді. 2020 жылдан бері бала жүре бастады. Иә, көп көмегі бар әрі тегін. Аптасына үш рет болады. Физикалық жағынан, ақыл-есі жағынан өте жақсы көмегі тиді балаға. Социализация дейміз ғой, балалармен араласады.
Садық Байымбетов «Жас жауынгер» клубын 2018 жылы құрып, елордада мүмкіндігі шектеулі балаларды ерікті түрде жекпе-жек түрлеріне баулуды ұйғарыпты. Алғашында небәрі он шақты жеткіншек келген. Жаттықтырушының тәжірибесі мен авторлық әдістемесі ата-аналардың сенімін ақтады.
Садық Байымбетов, «Жас жауынгер» клубының директоры:
- Методикасы бар авторлық. Себебі әлемде ерекше балалар бокспен, күреспен, ММА-мен айналысқан, мұндай жоқ. Балаларға керек нәрсе. Үйде күндіз-түні отырғанша орталыққа келіп, хотя бы спортпен айналысады. Қазіргі таңда орталығымызда 80-ге жуық бала бар және 5 бапкер жұмыс жасайды. Франция, Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінен де қызығушылық танытып жатыр.
Бұл бастамаға қолдау көрсету үшін «Қазақстан халқына» қоры «Тұсаукесер» әлеуметтік жобасын іске қосты. Оның аясында спорт клубы қаржыландырылып жатыр. Қазіргі таңда Астанада ғана емес, елдің 8 қаласында 500-ге жуық бала осындай орталыққа барып жүр.
Бауыржан Оразғалиев, «Қазақстан халқына» қорының орталық жетекшісі:
- Қамқоршылық кеңесте осы жобаны бекіткенде Астана медициналық академиясының профессорының тұжырымдамасы бар, яғни, қорытындысы. Сол себепті біз бұл жобаны қолдап жатырмыз. Залды жергілікті әкімдіктер, жергілікті меценаттар береді. Біз бұл жерде жаттықтырушылардың жалақысын көтереміз. Жыл сайын 70 млн беріледі шамамен. Ал жалпы 3 жылға арналған бюджет көлемі 206 млн 800 мың теңге.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде мүмкіндігі шектеулі 180 мыңдай бала бар екен. Дәрігерлер олардың арнайы әдістеме арқылы спортпен шұғылдануына кеңес береді. Бұл тұста «Тұсаукесер» жобасының маңызы зор болмақ.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ербол Дайыров, Асхат Қарақойшиев