Түркістанда республикалық ақындар айтысы басталды. LIVE
Түркістанда «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» мерекесіне орай «Төрлет, наурыз, төріме» атты республикалық командалық ақындар айтысы өтіп жатыр.
Жыр додасында Түркістан облысы мен Жамбыл облысының ақындары сөз қағыстырып, өзара мықты анықтайтын болады.
Біз қазір Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің концерт залындамыз. Өздеріңіз байқағандай, жыр додасын тамашалуға келген айтыс сүйер қауымның қарасы қалың. Залда ине шаншыр орын жоқ.
Ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге арналған өнер сайысына екі команда да тыңғылықты дайындалып келген. Әр командадан 8 адамнан қатысады. Оның 4-і айтыс ақыны болса, қалғаны жыршы-термеші, дәстүрлі әнші мен күйші. Жамбылдық жүйріктердің арасында көпшілікке танымал Асхат Қылышбек, Дархан Әбдіманат сияқты ақындары бар. Ал бұл айтыста Түркістан облысының намысын Дәурен Ақсақалов, Қажымұқан Абзалов сияқты жыр дүлдүлдері қорғайтын болады. Мағжан Алтенбаев, Мерей Әбуева, Маралбек Бабқұлов сияқты жыршы-термешілер сайыстың көркін қыздырса, күміс көмей әншілер дәстүрлі әннің тиегін ағытып, құлақтың құрышын қандырды. Ал айтыс ақындары сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысын көрсетіп, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлауда.
Түркістан облысының өнерпаздары жеңіске жете ме, әлде Жамбылдық жүйріктердің бағы жана ма, оны алдағы уақытта Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы анықтайтын болады. Белгілісі жеңімпаз команда келесі айналымға өтеді. Сайысқа қатысушылардың барлығына демеушілер атынан арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етіледі.