Ұлттық тағамдарды ұсынудың тәсілі көп
"Қазақ тағамы тек бауырсақ және етпен шектелмейді. Қазір тұтынып жүрген асқа жаңа леп беріп, ұмыт қалғанын жандандыру керек".
Елдегі этнографтар осылай дейді. Бүгінде елімізде заманауи түрде ұсынылатын ұлттық тағамдарды жаңғырту үрдісі қалыптасып келеді.
Ұлттық тағамдар 4 түрлі азықтан жасалады. Атап айтқанда ұннан, сүт өнімдерінен, дәнді дақыл мен еттен әзірленеді. Мұндай қазақ асханасы – әлемнің гастрономиялық картасынан орын алуға әбден лайық. Бренд-аспаз Артем Канцев осылай дейді. Өл өз меймандарына ұлттық тағамдарды ұсынудың жаңа тәсілін ойлап тапқан. Мәселен мына бауырсақ, құрт және дала шөптерімен дәмделіп жасалған.
Артём Канцев, бренд–аспаз:
- Біз қазір аэробауырсақ дайындап жатырмыз. Оны түрлі дәмдеуіштер қосып жасауға болады. Оған құрт, ірімшік, тіпті уылдырық қоссаңыз да – өте дәмді шығады. Қазір меймандардан аэробауырсаққа сұраныс артып келеді.
Артем Канцевтың айтуынша, меймандарды қызықтыру үшін ұлттық тағамдардың пішінін түрлендіріп ұсына беруге болады. Бастысы әрбір ауқат өзінің түпкілікті қазақи дәмін жоғалтпауы тиіс.
Артём Канцев, бренд–аспаз:
- Ұлттық тағамдар өзінің түпкілікті дәмін жоғалтпауы керек. Қазір кей аспаздар етті италиялық лазанья секілді ұсынып жүр. Кейбірі ролл-орамасы ретінде ұсынады. Мәселен мен қамырға жеміс-жидек шырынын немесе асқабақты қосып илеймін.
Қазақ халқы ертеден асты қадірлеп, жоғары бағалаған. О замандағы әйелдер тағамдарды жазда да, қыста да бұзбай сақтаудың әдістерін жақсы білген. Мәселен этнограф Әйгерім Мұсағажинова Қазақстанның түкпір-түкпірінде экспедиция жасап, қариялардан бұрынғы рецепттерді жинаған. Нәтижесінде 2019-шы жылы кітабын жарыққа шығарыпты. Онда ұмыт қалған 200-ге жуық қазақ тағамы таныстырылып, олардың дайындалу әдістері көрсетілген.
Әйгерім Мұсағажинова, этнограф:
- Ойлаймыз, қазағымыз ет пен бауырсақтан басқа ештеңе білмейді деп. Жоқ. Мен өзім 15 жылда қазақ тағамын зерттеп жүрмін. Дәрумені өте көп, денсаулыққа пайдалы. Оның тағы да философиясы да мықты. Жай тамақ деген жоқ. Әр тамақтың философиясы бар. Қазір Қазақстанның әр аймағында өзінің тамақ туралы брендін шығаруға болады, «флагмены кухни» дейді.
Қазақ асханасының қайта жандану тенденциясы – ұлттық тағамның бірегейлігін көрсетуді көздейді. Бұл бір жағынан, туристер ағынын арттыруға сеп болып отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ержан Рахманбердиев