Ақмола облысында елді мекендерді су басу қаупі бар

Ақмола облысында 127 елді мекенді су басу қаупі бар.

Әсіресе Атбасар ауданында жағдай күрделі. Күн күрт жылынса он алты ауылдағы 160-тан астам үйді су басуы мүмкін. Қазір ауданда тасқынның алдын алу үшін арнайы штаб құрылды. Жабай, Жыланды және Есіл өзендерінде мұз жару жұмыстары басталды. Соның ішінде Жабай өзеніне ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі 2017 жылы дәл осы өзен арнасынан тасып, 600-ден астам үйді су басып қалған еді. Қазіргі уақытта Жабайды тереңдету жобасы әзірленіп жатыр. Оған шамамен 15 млрд астам қаржы қажет. Ал жобаның қашан мақұлданатынын ешкім айта алмайды. Ал жергілікті билік өкілдері қауіпті сейілту үшін қар шығарып, арықтарды тазалау жұмыстарын күшейтті.

Әділ Шәйкенов, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта аудан бойынша 114 мың текше метр қар шығарылды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Қазір қауіпті аймақтардағы арықтар мен су құбырларын қардан тазартып жатырмыз. Аудан бойынша 300-ден астам адам мен 122 техника сақадай сай тұр. Қажетті инертті материалдар да алынды. Әзірге жағдай тұрақты.