Шайдаровтар отбасы Шаңырақ күніне дастарқан жайды

Қазақстандықтар бүгін "Шаңырақ күнін" тойлауда.

Еліміздің түкпір-түкпірінде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Мәселен, елордадағы Шайдаровтардың шаңырағы ынтымағы жарасқан отбасылардың бірі, ерлі-зайыптылар 25 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 7 бала тәрбиелеп отыр. 

Бүгін Шайдаровтар отбасы үшін мерекелік дастархан жаюға екі бірдей себеп бар. Бірі әз Наурыздың тұсында тойланатын Шаңырақ күні болса, екіншісі қасиетті Рамазандағы ауызашар. Отбасы мүшелері әрдайым бір-біріне қөмек қолын созуға дайын. Бұл берекелі шаңырақтың маңызды шарты, дейді көп балалы ана. Күлпан Шайдарова қыздарына құрт, жент секілді ұлттық дәм түрлерін әзірлеуді де үйреткен.

Дәстүрімізде отбасының ұйытқысы ақ жаулықты ана. Бүгінде біздің кейіпкеріміз секілді ұрпақ тәрбиесімен қатар өз білімін жетілдіріп отыруға көңіл бөлу еңбекқорлықтың белгісі. Күлпан Шайдарова ұстаздықпен бірге ағылшын тілін үйреніп жүр. Қолы қалт етсе, шет тілдегі сөздік қорын молайтуға тырысады.

Күлпан Шайдарова, қала тұрғыны:

- Ағылшын тілін бесінші жыл оқып жатырмын. 2017 жылы бізді министріміз Асхат Аймағамбетовтың шешімімен физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Сол жерде оқытушылар менің ағылшын тілін оқуға деген икемімнің өте жоғары екендігін атап өтті. Ауызекі ағылшын тілін қолданып сөйлеймін, қазіргі таңда IELTS тапсыруға дайындалып жатырмын.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Әулеттің ұрпағы ата-ана ізін жалғап келеді. Мектепте, қоғамдық жұмыста да үлгілі.

Ерболат Шайдаров, қала тұрғыны:

- 2013 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан Астанаға көшіп келдік. Ол кезде 5 бала болды, екеуі осы Астанаға келіп туылды. Қазір Аллаға шүкір 7 баламыз бар 4 қыз, үш ұл. Мен өзім спецтехника айдаймын қар тазалайтын техникалар бар ғой соларды. Аллаға шүкір балаларға жетеді бұйырғаны болып жатыр ғой, үйіміз бар ең бірінші.

Күлпан Шайдарова, қала тұрғыны:

- Енді әкесі таңнан кешке дейін жұмыста болады. Мен мектепте мұғаліммін. Кітаптар оқып, өлеңдер жаттатып, ойнатып соған барынша уақыт бөлуге тырысамын. Қазіргі біздің қоғамның талабына сай тіл үйреніңдер, ең басты мақсат адам болу, өмірге адам боп келген соң адам боп қалу деген мәселені, адал еңбек етуге айтып отырамын.

Шайдаровтар отбасы үшін басты құндылықтың бірі жас ұрпақ тәрбиесіне мейлінше көңіл бөлу, олардың бойында адами қағидаларды дамыту. От анасы үлкенге ізет, кішіге қамқорлыққа, қоршаған ортаға мейіріммен қарауға баулиды. Әкесі ұл-қызының отаншыл боп өніп-өсуін қасиетті парызы санайды.

Рухани Асқар, Марат Диханбаев