Қазақстандық бітімгерлер Сирияға аман жетті
Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы тәуелсіз миссиясын орындау үшін елімізден аттанған әскерилер Сирияға аман-есен жетті.
Бітімгерлерді Дамаскіге Қазақстан Республикасы әуе қорғанысы күштерінің үш ұшағы жетізді. Қазақстандық жасақтың құрамында 139 әскери қызметші бар. Ұлттық контингент өзіне жүктелген аймақтарды патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету және бейбітшілік уағдаластықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Айта кетелік, Голан биіктігі даулы аймақ болып саналады. Оның көп бөлігі Израильдің бақылауында және шығыс бөлігі Сирияның ықпал ету аймағында орналасқан. Бітімгерлік миссияларға қатысу әскери қызметшілердің жауынгерлік дағдыларын арттыратын оқытудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.