Алтын той иелері жас жұпқа бата берді

Ақтөбеде «Шаңырақ күні» отбасын құрған жастарға 50 жыл отасқан ерлі-зайыптылар батасын берді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл күні облыс орталығында 2 жұп некесін қиған. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеген отбасы жастарға сәні мен салтанаты жарасқан үлгілі жанұя болуды тіледі.

Темірлан мен Дана жаңа өмірге жыл басында қадам басуды жөн санаған. Бір жыл бұрын әлеуметтік желіде танысқан жастар бозбала және бойжеткен шағымен наурыз айында қош айтысып, неке қиюға сөз байласыпты.  Қалыңдық пен күйеу жігіт асыға күткен сәттің «Шаңырақ күніне» сай келгеніне қуанышты.

Темірлан Қуан, қала тұрғыны:

- Осындай жақсы Наурыз мерекесінде, көктемде салтанатты түрде неке қияйын деп жатырмыз. Осындай Ұлы Наурызда неке қидырып жатқанымызға қуаныштымыз.

Наурыз қарсаңында отау тіккен отбасыларына қазыналы қариялар батасын берді. Серік Райымбаев пен Айна Төреханованың жарасымды жұбы биыл алтын тойын атап өткен. Ұл мен алты қызын тәрбиелеп өсірген зейнеткерлердің 20 немересі мен 2 шөбересі бар. Зейнеткерлер жарты ғасыр бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешудің сырымен де бөлісті. 

Серік Райымбаев, зейнеткер:

- Отбасылық бақыттың сыры – ауызбіршілікте. Екі адам бірігіп, аузы бір болса, алынбайтын қамал жоқ. Ауызбірлігің болса, ерлі-зайыптылар бақытты болады. Балалы-шағалы болсын.

«Шаңырақ көтеру» салты – қазақ үшін орны ерекше рухани мұра. Сондықтан Наурызнаманың «Шаңырақ күні» елімізде ата-баба дәстүрін жаңғыртып, отбасы құндылықтары кең насихатталады. Бұл – ұрпақ сабақтастығының бүгінгі айнасы.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.