Павлодарлық бүлдіршіндер ұлттық киімдер шеруіне қатысты
Аманжол Шәмкенов атындағы мектептің бастауыш сынып оқушылары бүгін толық қазақша киініп келді.
Жүз елу бала ортаға шығып, сан алуан түрлі әдемі киімдерімен көктемнің келгенін көрсетті. Халқымыздың бай мұрасын насихаттауды ұйымдастырушылар төменгі сыныптан бастаған. «Мақсатымыз - қазақтың төл мәдениетін, болмыс-бітімін әсерлі көріністер арқылы баланың бойына жастайынан сіңіру», - дейді олар. Қазақтың таңғажайып зергерлік әшекейлеріне де мән берілген. Қыздар шаштарына шолпы, құлақтарына күміс сырға таққан. Этностильді қалыптастыруға ұстаздар мен бірге ата-аналар да атсалысқан.
Баян Нұржанова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Бізде бастауыш мұғалімдері өнерлі келеді. Мен осы ұлттық киімдерді өзім тіктім мына оқушыларыма, өзімнің үстімдегі киімді де өзім тіктім. Біз Наурыз мерекесін асыға күтеміз. Наурыз мерекесі бізге ұнайды. Бізде 1-ші наурыздан бастап наурыз аяқталғанша осылай ұлттық киім киіп сабақ оқимыз. Мынаның кішкентай желеттері бар. Жеңіл, сыныбымыз ыстық болған кезде мынаны шешіп тастап, соны киіп аламыз.
Амангүл Санатқызы, бастауыш сынып мұғалімі:
- Ұлттық киімдер шеруі шарасына қатысып жатырмыз. Балалардың барлығы көңілді. Барлық халықты Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Киімдер бойынша кейбір ата-аналарды көрем, кәдімгідей дайындалып, тігіншілерге тапсырыс беріп тігіп жатты. Ата-аналар біздің жалпы осы шараны өте белсене қоштап-қолпаштап жатыр, бұл жерде тек қана мұғалімдердің ғана емес ата-аналардың да қолдауына ризамыз.