ШҚО-ның 6 ауданында су тасқыны қаупі бар. LIVE
Сондықтан қазір мұз көбесін сөгіп, арықтарды аршып, су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттерді биіктету сынды жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Сынап бағанасы күрт жоғарыласа, жағдай ушығуы ықтимал. Облыс орталығы Өскеменде де қарбалас. Өйткені қала ішімен 4 өзен, 6 бұлақ өтеді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Иә, расымен де, сынап бағанасы көтерілген сайын қауіп те күшейіп келеді. Жалпы 6 аудан дедік қой. Ол: Қатонқарағай, Глубокое, Алтай, Күршім, Марқакөл аудандары мен Риддер қаласы. Дегенмен тасқынның аты – тасқын, әр аудан қатерге дайын болуы керек. Мен Қазір Үлбі өзенінің бойында тұрмын. Таулы өзеннен төнер қауіп аз емес, сондықтан мұнда бөгет тұрғызылып жатыр.
Үлбі – қала ішімен өтетін 4 өзеннің бірі. Өткен жылы 150 метрге дейін су жайылып, жағасын шайып кеткен еді. Сол кезде осы маңдағы елді мекенге су кіре жаздаған еді. Биыл сол қатердің алдын алып, жағасы бекітіліп жатыр. Жалпы 7-8 мың текше метр тас жеткізілмек осы жұмыс үшін.
Айта кетсем, облыста ірілі-ұсақты 1200 өзен бар. 80-нен астам гидроқұрылғының жағдайы мәз емес, тозып тұр. Мәселен, Зайсандағы Үйдене су қоймасын жөндеу сұрағы әлі шешілмей тұр. Мамандар тек мониторинг жасап қана, қарап отыр.
Қар көп жауды биыл. Қалыңдығы 1 метрден асып кеткен аудандар бар. Жалпы облыстағы қалалар пен елді мекендерден 350 мың текше метр ұлпа шығарылды. Су тасқыны бола қалса, екі мыңнан астам жеке құрам, 700-ден аса техника, 200-ден аса су сорғы, 60 қайық әзір тұр екен. Эвакуациялық пунктер де дайын. Осы тасқынға қарсы іс-шаралар үшін 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Біз де енді бұл жағдайды назарда ұстайтын боламыз.