Павлодарда оқушылар ағаш екті
Наурызнаманың Жаңару күнінде Павлодардың экология және туризм мектебінің оқушылары ағаш екті.
Солтүстік өңірде күн ызғар, тоң жібімеді. Сондықтан, балалар катальма мен сүмбі талдың тұқымын әзірге жылыжайда өсіреді. Сәндік мақсатта егілетін ағаштарды күн жылынған бойда далаға көшіреді. Мамандардың айтуынша, тұқымнан өсіп шығатын талдар ыстық пен суыққа төзімді болады. Экология және туризм мектебінің жалпы аумағы 3,5 гектар. Мұнда жеміс ағаштарының 200-ден аса түрі өсіп тұр. Тек алма ағашының 35, алмұрттың 6 түрі бар. Одан бөлек оқушылар бау-бақша өнімдерін де өсіреді.
Карина Жирнова, оқушы:
- Елімізде ең басты мерекелердің бірі - Наурыз тойланып жатыр. Бұл мейрамнің әр күні өзіндік маңызға ие. Бүгін Жаңару күні. Біздің орталықта осы күнге орай ағаш егілді. Мен өзім катальпа ағашының тұқымын ектім. Осы ағаш бойынша ғылыми жоба әзірлеп үшінші орын алған едім.
Наталья Губарь, экология және туризм мектебінің бөлім меңгерушісі:
- Біздің алқапта ағаштың көптеген түрі өседі. Өткен жылы балалар арша, шырша және киіз теректің көшеттерін отырғызған болатын. Олар өздері суарып, тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.