Деңгене дәстүрін білеміз бе?
Ұлттың ұмыт болып қалған дәстүрлері жетерлік.
Солардың бірі – Деңгене. Бұл дәстүр ауқатты адамның үйінен желінетін қойдың еті. Деңгене жеуге келген қонағына үй иесі қой сояды. Келген қонақ сойылған қойдың етін тауыса алмаса, үйдің иесіне екі қойдың ақысын төлейтін болған.
Ұлболсын Жақияқызы, Қосшы қаласының тұрғыны:
- «Деңгене» деген сөзіміз үш-төрт жігіттер барып, ауылға келіп, жақсы тұратын үйге келіп, есіктен «Деңгене, деңгене» деп айқайлайды екен. Сол кезде үй иесі шығып, жаңағы кісілерге амандасып, үйге кіргізіп, үйдегілерге «Деңгене жеуге қонақ келді» деп қой сойғызып, ал жігіттер жаңағы малды жеу керек тауысып. Егерде тауысып ішіп жей алмаса екі қой беріп кету керек. Ал тауысып жесе үй иесі қойдың құнын сұрамайды екен.
Бұндай дәстүрді дәріптеушілер көбіне шетел қазақтары. Тәлімі мол, тәрбиесі бар дәстүрді ұмытпаған. Біздің де қазақы қағидадан қалыс қалған кезіміз жоқ. Дәм алмасу салты бар. Ал «Дәмайқастық» дәстүрін естіп пе едіңіз?
Жеңіскүл Әзақын, Қосшы қаласының тұрғыны:
- Келген келін шайға сары майды салып, ақ қантын қосып, алдыменен атасына береді, енесіне береді. Дәм таттырады. «Дәм айқастық» деген салт бар бізде. Одан кейін асық жілік пен төсі келді ғой. Оны да сөйтеді. Туралап алады да атасына, енесіне ауыз тигізіп, олар батасын береді.
Ұлболсын Жақияқызы, Қосшы қаласының тұрғыны:
- Бұл дәстүрлерді енгізу керек. Бұны жастар білуі керек. Келешек бар, немерелеріміз бар, ата-бабадан қалған дәстүрді болашақ білу керек. Сондықтан бұл дәстүрді кіргізу керек.
Дәстүрін дәріптеген көнекөз қариялар да азайып барады. алмағайып заманда ұсталды, қашты, тіпті білгенін айта алмады. Енді біраздан соң мұндай дәстүр-жоралғыларды түсін түстеп, атын айтатын адам бола ма? Содан соң, бәрі ұмытыла ма кім білсін?!
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Асхат Қарақойшиев