Су қоймасының құрылысы қайта жанданды

Түркістан облысының Төлеби ауданында су қоймасының құрылысы қайта жанданды.

Жалпы аумағы 13 гектар жерді алып жатқан нысанға бір миллион текше метр су сыяды.

Мұнда негізінен еріген қар суы жиналады. Бұл Кемеқалған ауылдық округіндегі су тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Себебі ауыл тұрғындары судың жоқтығынан бау-бақша еге алмай отыр.

Бұл бос жатқан жерге өткен жылы жасанды су қоймасы салына бастады. Қыс пен ерте көктемде құрылысы уақытша тоқтаған еді. Міне, енді қайта жанданды. 

Әбдіқадыр Таштаев, мердігер компания өкілі:

- Строительствосы енді көктемде басталып, октябрь, ноябрь айында тоқтаттық. Өйткені ауа райына байланысты жаңбыр көп болғаннан кейін ауыр техника жүре алмады. Енді былтырғы 2023 жылғы қаражаттан 200 млн игерілді. Қалған суммасы осы жылға қаралып тұр.

Мұнда сай-саладан аққан су мол жиналады. Бастау да көп. Су ұстау жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, өзенге ағып кететін. Сол себепті бюджеттен 1 миллиард 123 миллион теңге бөлініп, жасанды су қоймасы салынып жатыр. Ол 360 гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға мүмкіндік береді. Заузат Қайыпбековтың 140 гектар алма бағы бар. Оған жылда су жеткізе алмай, әбігерге түседі.

Заузат Қайыпбеков, шаруа:

- Қыстың күнгі қардың суы, ерте көктемнің суы, бәрі ағып кетеді. Ағып, сай-саламен кетеді де, Бадамға құяды. Бадам Арысқа құяды, сонымен кетеді. Ешқандай су ұстай алмай қаламыз. Қазір енді мынау үлкен жоғары жақтағы ағаларымыз, үкімет басшылары айтып жатыр ғой, «суларды ұстап қалайық, платина салайық» деп. Соны қолдаймын мен. Ауылдың бәрі қолдап жатыр.

Асхат Райымбеков, Төлеби аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ағын судың көлемі азайып бара жатыр жылдан жылға. Ол енді климаттың өзгеруіне тікелей байланысты шығар. Енді осыған байланысты биылғы жылы ауданымызда 500 гектар  жерге су үнемдеу технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бар суымызды біз үнемдеп пайдалануымыз керек. Осы бағытта біз шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.

«Жаңа су қоймасының пайдалануға берілуі арқылы жергілікті тұрғындар бау-бақша егіп, жүгері, алма бақтарының аумағын ұлғайтады. Шаруалар су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесіне де бейжай қарамауы керек», - дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Катерина Попкова, Самат Нагашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов