Садақ тарту салтымыз
Таразда садақ ату салтын жаңғыртып жүрген шеберлер тұрады.
Бірі шеберлік өнерін дамытса, енді бірі аймақта алғашқы садақ ату орталығын ашып, балаларды мергендікке баулып жүр.
Нұрмахан Ахметов садақ жасауды 10 жыл бұрын бастаған. Қырғызстанда өткен алғашқы көшпенділер ойынынан соң садаққа деген құлшынысы артыпты. Айтуынша елімізде ұлттық жәдігерді жасайтын шебер аз. Сондықтан шағын шеберхана ашып, қолда бар құралмен садақ жасап жүр. «Бірақ саны мен сапасын арттыруға арнайы құралдың жоғы қолбайлау», - дейді шебер.
Нұрмахан Ахметов, қолөнер шебері:
- Ағаштарды тура кесу үшін, циркулярка дейді, жанағы арасы. Сосын сүргілеу станогы, қысатын құрал жабдықтар керек. Сосын ағашты өзі. Бұл жерде жасаудағы қымбат дүниесі бұл желімі. Сапалы желімді алу үшін бұл енді сол көбінесе шетелге жүгінеміз.
Нұрмахан аймақтағы спорттық және дәстүрлі садақ ату федерациясын ашқан. Ал Индира Меңілбаева Тараздағы тұңғыш садақ ату орталығын құрды. Бір қызығы оның садақ спортына келуіне, дертке шалдығуы әсер еткен. 24 жыл бойы ұстаздық еткен ол, бірде жүрек ауруы барын біледі. Дәрігерлер оның емі садақ ату екенін айтқан.
Индира Меңілбаева, дәстүрлі садақ ату орталығының жетекшісі:
- Дәрігерге барам, сөйтіп жүргенде ол кісілер маған жүрегіңіздің бір клапоны әлсіз деп айтты. Және бұл хабарды есту мен үшін, әрине, ауыр болды. Сонда да оны өзім бірінші қорытып алайын деп туысқандарыма ешнәрсе айтпадым. Өзіңді түсіріп алсаң, сол ауруға берілесің, жетектеп алып шықсаң, сол ауруды жеңіп шығуға болады.
Мергендікті дәріптеп жүрген бұрымдының 20-дан аса шәкірті бар. Орталығының ашылғанына көп болмаса да шәкірттері мен өзі жарыстарда топ жарып жүр.
Индира Меңілбаева, дәстүрлі садақ ату орталығының жетекшісі:
- Мергендіктің өзі екі түрі болады. Көз мерген және қол мерген. Менің көзім алыстан көрмейді 1 метрден ары. Адамның бетін толық көре алмаймын. Екеуі екі түрлі көреді остегматизммен. Аймақтық жарысқа шақырды. көзім көрмесе де, қыздар арасындағы жарыста бірінші болдым. Осы садақ әлеміне жақында келсем де, бұл мен үшін үлкен көрсеткіш деп ойлаймын.
Индира, «оқушыларының арасынан олимп шыңын бағындыратын спортшылар шықса», - дейді. Бүгінде ол дертінен айығып қана қоймай, ұлттық спортты ұлықтап жүр.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә