Депутат: Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерге қысым көрсетіп жатыр
Кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, бизнес үшін қауіпсіз инвестициялық орта қалыптастыру керек. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Себебі елімізде бизнесті бақылайтын құзырлы мекеме көп. Кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіретіндердің жолын кесу үшін елде кешенді шаралар қолға алынды.
Астаналық Иван Верхотуров бір жыл бұрын құрылыс компаниясына консалтингтік қызмет көрсетеді. Алайда тұрғын үй кешенінің заңсыз салынғаны анықталып, құрылыс компаниясының үстінен қылмыстық іс ашылады. Қылмыстық процеске Иван Верхотуров да тартылады.
Иван Верхотуров, кәсіпкер:
- Бірнеше күн бұрын ғана біз зардап шегушілердің қатарында едік. Енді бізді куәгерлер қатарына тартып отыр. Оған ешқандай негіз жоқ. Тергеушілер біздің құрылыс компаниясымен әлдеқандай сыбайластығымыз бар деп санайды.
Құқық қорғау органдарының заңсыз қудалауына ұшыраған кәсіпкерлердің жанайқайын Мәжіліс депутаттары жеткізді. Халық қалаулылары мемлекеттік орган өкілдерінің қысым көрсетуі салдарынан елдегі бизнестің тынысы тарылып, кәсіпкерлердің жұмысы тұралағанын айтып отыр.
Асқар Садықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Құқық қорғау органдарынан қысым көріп, қудалауға ұшыраған кәсіпкерлер депутаттардан көмек сұрап жатыр. Мемлекет басшысының өзі тиісті аудит нәтижелері толығымен аяқталмайынша бизнес иелерінің үстінен қылмыстық іс ашуға тиым салатын механизмді енгізуді тапсырған болатын. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі айла-әрекеттерді пайдаланып, кәсіпкерлерге қысым көрсетіп жатыр. Ал заңсыз қудалауға ұшыраған кәсіпкерлердің арызын соттар қабылдамай жатыр. Бас прокурордың тікелей тапсырмасы неліктен орындалмай жатқаны түсініксіз.
Қылмыстық іс аясында тінту де, шектеу де, мәжбүрлеу де, тұтқындау да жүргізуге болады. Алайда енді нақты айғақтарсыз кәсіпкерлерге қандай да бір қысым көрсетуге тыйым салынады. Құқық қорғау органдары дәлел болмаса, кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғай алмайды.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
- Қылмыстық істі енді тікелей қозғай алмайды. Тек қана нақты бір әрекеттің нәтижесінде экономикалық шығын, экономикалық зиян келтірілгені дәлелденсе, осы құжаттың негізінде ғана қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Яғни, ол азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістерді Мәжіліс депутттары бірауыздан қолдады. Заң күшіне енсе, бизнес иелерін қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуға жол берілмейді.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі таңда қылмысты қозғау, ЕРД-ға тіркеу үшін біздер заң жобасы аясында қылмыстық істі теркегеннен кейін штатындағы мамандардың емес, тәуелсіз мамандардың актілерін, ревизияларын талап етіп отырмыз. Оның штатында отырған маман қажетті актілерді шығарып береді, бірнеше экономикалық бөлімдегі баптарды декриминализация жасап жатырмыз. Мысалы, бухгалтерлік есеп жүргізу, заңсыз кредит алу. Олар, шын мәнінде, кәсіпкерлік жұмысына кедергі келтіреді, оны біз әкімшілік іс құрамына аударып жатырмыз.
Былтырдың өзінде елімізде кәсіпкерлер үстінен 987 қылмыстық іс ашылған. Заңдағы өзгерістерден соң кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтіледі.
Авторы: Қуандық Танабас.