Павлодарда евпаториум гүлдеді
Павлодардағы экология және туризм мектебінің жылыжайында евпаториум гүлдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Өсімдіктің отаны Оңтүстік Америка мен Мексика болса да, қазақтар оны «иткендір» дейді. Ол күн сәулесі мол түсетін ылғалды жерлерде өседі. Көп жылдық өсімдіктің 40-қа жуық түрі бар.
Жылыжайдың ішінде хош иіс аңқып тұр. Қысқы үзілістен кейін экзотикалық өсімдіктер мен жемістер бірінен соң бірі гүлдеп жатыр. Алғаш болып лимон ағашы, одан кейін евпаториум гүл ашты.
Ахметуәли Қапашев, жылыжай меңгерушісі:
- Африка елінен әкелінген өсімдік қой, тропикалық елден әкелінген. Ал бірақ енді бұған ұқсас біздің Қазақстанда иткендір деген өсімдік өседі. Атына сай, иткендір дегенде біздің ата-бабамыз бұдан кендір жіп жасаған.
Жылыжай меңгерушісі Ахметуәли Қапашевтың айтуынша, өсімдік Евпатор деген патшаның құрметіне аталыпты. Патша одан уға қарсы зат алған екен. Павлодардың экологиялық мектебіне 10 жыл бұрын Ресейден әкелінген. Жылына бір рет наурыз айында гүл ашады.
Айша Жаңабаева, оқушы:
- Оны агератум деп те атауға болады. Ол Үндістан мен Америкада табиғи түрде өседі. Біздің халық бұл гүлді қартаймайтын деп атайды. Себебі ол балғындығын көп уақыт ұстайды.
Күлгін түсті бақбақ тәріздес гүлдер көздің жауын алады. Содан болар евпаториум Еуропа елдерінде сәндік өсімдік ретінде шипажайларда көптеп өсіріледі екен. Ал біржылдық түрлерін гүлзарлардан кездестіруге болады. Мамандар жылыжайда өсетін жемістердің табиғатына қарап, ауа райын да болжайды.
Ахметуәли Қапашев, жылыжай меңгерушісі:
- Мына ағаштарға қарағанда биыл көктем ерте келіп жатыр, бірақ енді көктем ұзаққа созылатын түрі бар. Мамыр айына дейін әлі суықтар болады. Мынау – інжір ағашы. Қыс бойы бұлар жапырақсыз тұратын өсімдік. Жайшылықта бұлар сәуір айының аяғына таман жапырақ жаюы керек еді. Қазір, міне, ертелеу шығарып жатыр.
Экология және туризм мектебінің жанындағы жылыжайда 200-ге тарта тропиктік және субтропиктік өсімдік түрлері өседі. Олардың мыңнан астам оқушы күтіп баптайды. Биологиялық үйірмеге қатысатын жеткіншектер жаз мезгілінде бос уақыттарын осында өткізуге тырысады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.