Қостанайда бір тоннадан астам бауырсақ пісірілді
Ұлыстың ұлы күні мерекесі өңірлерде де ерекше сән салтанатымен атап өтілді.
Мәселен, Қостанайда бір тоннадан астам бауырсақ пісірілді. Ұлттық тағам Наурыз мейрамын тойлауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына таратылды. Сонымен қатар 30-ға жуық киіз үй тігіліп, әрқайсында мерекелік әуендер шырқалды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар дәріптелді.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылымдардан басталды. Қыдыр ата төрге шығып, мейрам көрігі қыза түсті. Облыс әкімі Наурыздың мән-маңызына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бастамасымен Наурызнама онкүндігі бекітілді. 14 наурыздан бастап әр күн сайын облыс бойынша түрлі іс-шаралар өтуде. Ел тұрғындары көне мерекенің бастапқы мәніне қанығып оның қыр-сырын толық түсінуде.
Киіз үйге бас сұққандар бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты. Солардың бірінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ауылы орналасты. Мұнда салт-дәстүрімізден сыр шертетін ескі заттар мен киімдер ұсынылды.
Аружан Кенжеғали, студент:
- Бидай тартатын тастар бар бұрыннан келе жатқан, қымыз жасайтын ыдыстар бар, қымызды құятын ыдыстар бар. Бесік салу салт-дәстүрі. Бесіктің кішкентай және үлкен түрлерін қойып қойдық. Қазақи нақышта батырлардың киімдерін қойдық.
Орталықта ине шаншар жер жоқ. Халық қарасы қалың. Көпшілік арқа-жарқа қауышып, бір-бірін құттықтасып жатты.
Алмат Әлмұханов, қала тұрғыны:
- Наурыз мейрамы – бұл халықаралық мейрам. Бұл 2010 жылдан бастап БҰҰ көлемінде аталып, 2009 жылдан бастап ЮНЕСКО көлемінде аталған халықаралық мейрам. Осы мейрамды пайдалана отырып барша қазақстандықтарды, барша қостанайлықтарды, жерлестерімді, әріптестерімді осы тамаша мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Наурыз қаланың бірнеше шағын ауданында тойланды. Концерт, қолөнершілер көрмесі мен спорттық сайыстар кешке дейін жалғасты.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Наталья Строкова