Көкшетауда су тасқынына дайындық жалғасып жатыр

Биыл қала көшелерін қалың қар басты.

Күн күрт жылынса, кейбір үйлерді су басу қаупі бар. Қазір коммуналдық мекемелер қала аумағынан жүз елу мыңнан астам текше метр қар шығарды.

Синоптиктердің айтуынша, Көкшетауда осы қыста қар өткен жылға қарағанда үш есе көп жауды. Бұл тұрғындардың жаяу ғана емес, көлікпен де жүруін қиындатты.

Блиц:

- Биыл онша емес. Қар көп биыл. Жинаған жоқ, рет-ретімен үлгерген жоқ.

- Қыста иә, қар уақытында шығарылды. Енді апрельге дейін су кетеді деген ойдамыз.

Коммуналдық мекемелер көшелер мен тротуарларды қардан тазартуды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, олар тасқын суды апатсыз өткізу үшін арықтарды аршып, құбырларды тазалап жатыр.

Владимир Корнатовский, коммуналдық мекеменің инженері:

- Ауа райының болжамы бойынша, Наурыздан кейін күн күрт жылынады. Сол үшін қазір қауіпті учаскелерден жеті мыңнан астам текше метр қарды шығарып, мұзды ойып жатырмыз. Бүгінге дейін екі шақырымға жуық су өткізу құбырын тазаладық.

Жергілікті биліктің айтуынша, қаланың кейбір шағын аудандарында су тасқыны болуы әбден мүмкін.

Әділет Рахымжанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Жылда су басатын мекен-жайларды білеміз. Әсіресе, жолдан төмен орналасқан үйлердің айналасы еріген қарға толуы мүмкін. Сол жерлерге құм салынған қаптарды жеткіздік. Сонымен қатар, арнайы көліктер және құрылғылар дайын. Қала тұрғындары апатты жағдай болса «109» номеріне хабарласа алады. Бригадамыз кез келген уақытта шығып, көмек көрсетеді.

Қала көшелерін қардан тазартуға волонтерлер де көмектесіп жатыр. Ал синоптиктердің болжамына сенсек, көктемгі су тасқынының жоғары қаупі наурыздың аяғы мен сәуірдің басында болады. Сондықтан қазір коммуналдық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный