Ақтөбелік оқушылар «Qarzhy-man» комиксін шығарды
Бала қиялынан туған жоба қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектеседі.
«Көптеген балалар ақшаны дұрыс жұмсауды білмейді. Сондықтан, ақша санауды ерте жастан үйрету маңызды»,-дейді авторлар.
Қолда бар қаражатты сауатты жұмсау. Қарызға батпай, тиімді инвестиция тәртібіне машықтану сияқты қаржы сауатының негізін үйренген оқушылар білгенімен бөлісуді жөн көреді. Мектеп бағдарламасынан тыс біршама ақпарат жиып, балаларға арналған курс әзірледі. Бастапқыда жергілікті оқу ордаларында дәріс беріп, артынша еліміздің өзге өңірлері, тіпті Ресей мен Қырғызстанның мыңнан астам баласына қаржы негіздерін үйреткен.
Әсия Бралина, жоба авторы:
- Біз менеджерлер мен спикерлерді әлеуметтік желілерден таптық. Қазақстанның ондаған қаласы мен Ресей, Қырғызстаннан қызығушылық танытқандар болды. Нәтижесінде 30 оқушыны іріктеп алып, дәріс беруді үйреттік. Олар өздерінің мектептерінде біздің жоба бойынша сабақ ұйымдастырды.
Жоба авторлары бағдарлама аясын кеңейтуге көрнекі құрал қажет болды дейді. Ақылдаса келе комикске тоқталған. Себебі қысқа жазылған мәтіні балаларға қаржы сауаты сияқты күрделі тақырыпты жеткізуге таптырмайтын құрал.
Айшат Темірбаева, жоба авторы:
- Барлығымыз бірдей визуалды көбірек қабылдаймыз информацияны. Сол себептен де біз комикстерді таңдадық. Себебі олар түрлі-түсті сонымен қатар ақпаратты тез жеткізеді. Оларды қабылдау да тез болды.
Комикстің кейіпкерлер түрлі қаржылай қиындыққа тап болып, шығу жолдарын іздейді. Бүгінде белең алған интернеттегі алаяқтарға төтеп берудің әдіс-тәсілдері де жазылған. Оқушылар тоғыз ай бойы ізденіп «Қаржы-мэннің» 7 бөлімін жазып шықты.
Мерейлі Қараш, жоба авторы:
- Бастапқыда мен тексерілген текстті, кейіпкерлердің диалогтарын осылай орын-орнына қойып шығамын. Кейін кейіпкерлердің эскиздерін саламын осылай. Содан кейін мен түрлі түсті бояулармен бояймын. Содан кейін осындай детальдерді қосамын. Бір бөлімнің салынуына бір аптадай кетеді және бір бөлім 5-6 беттен тұрады.
Оқушылар салған комикстің электрондық нұсқасын әлеуметтік желілерден табуға болады. Балалар болашақта қаржы сауаты туралы комикстерді, бейнероликтерді, салалық ойындарды біріктіретін мультимедиялық платформа құруды жоспарлаған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков