Жезқазғандық оқушылар ұлттық нақышта киінеді
Жезқазғандағы №8 гимназия оқушылары сабаққа жаппай ұлттық киім киіп келеді.
Аталған бастама тікелей ата-аналардың ұйымдастыруымен қолға алынған. Бүгінде білім ордасындағы оқушылардың 90 пайызы ұлттық нақышта тігілген мектеп формасына көшкен. Биылдан бастап аталған оқу ордасының үлгісі қаладағы өзге мектептерге де тарай бастады.
№8 гимназия Жезқазғандағы білім беру мекемелерінің қарашаңырағы саналады. Оқу-тәрбие үрдісінде өзге мектептерге үлгі болған оқу ордасы ұлттық киім жобасын да алғашқы болып қолға алды. Былтырдан бері бастауыш сынып оқушылары сабаққа күнделікті ұлттық киіммен келе бастады. Олардың бастамасына біртіндеп орта буын сыныптар да қосылған. Қазір білім ошағында 1 мен 9-сынып аралығында мыңнан астам оқушы қазақы ою бедерлерген біркелкі форма киеді.
Кәусар Алтай, оқушы:
- Иә, ұлттық киімді әрдайым киіп жүруге тырысамыз. Өте қатты ұнайды. Осы киімді кию арқылы өзге ұлттарға киімдерімізді дәріптейміз.
Гимназияның коворкинг орталығы да ұлттық нақышта жасақталған. Сабақ арасындағы үзілісте оқушылар осында келіп домбыра шертіп, асық ойнайды. Жоғары сыныпта оқитын қыздар шолпы тағып, ұлдар жағы басына тақия киетін болған. Мұғалімдер де біртіндеп костюмді ұлттық нақыштағы киімдерге алмастыра бастаған.
Мадина Алдажанова, №8 гимназия мұғалімі:
- Балаларды ұлттық киім киюге мәжбүрлемейміз. Өзінің қызығушылығы байқалуда. Қыз балаларымыз шекелік тағып, қамзол киіп, шашбау тағып бойларын түзеп жүріс-тұрысын түзеп соның бәріне тәрбиелік мәні бар. Әр сыныптың ұлттық киім нақышы әртүрлі. Үлгісі мен түстері де әртүрлі.
Гүлбану Райысова, қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Ата-ананың қолдауымен іске асырылып жатыр. қазіргі уақытта 8 гимназия, 13 мектеп, 10 мектептерде бастауыш сыныптарға қазақша киім үлгісі негізгі киім үлгісі ретінде күнделікті киіліп жүр. Келешекте басқа мектептерде де осы үрдіс біртіндеп іске асырылады.
Ұстаздар, жалпы соңғы уақытта оқушылардың ұлттық мәдениет, салт пен дәстүрге, ұлттық аспаптарға қызығушылығы артып келе жатқанын айтады. Оның бір дәлелі Жезқазған мектептерінде домбыра сыныптары ашылып, мектепішілік домбыра оркестрлері құрылып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев