Қобдада төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының Қобда ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Өзен суы тасып, жиектегі үйлерді басып қалған. Өзендердің тола бастауы қала аумағында да байқалып отыр. Салдарынан, бау-бақша ұжымдарына қауіп төніп, кейбірі суға кетті. Ал облыс бойынша эвакуациялық орталықтарға жеткізілген адамдардың саны 300-ге жуықтады.

Марат Аманов топан судың салдарынан қазір өз үйіне бара алмай жүр. Іргедегі Қарғалы өзенінің кенеттен тасып, арнасынан асқанда баспанасын басып қалған. Тек отбасы мен ең қажетті бұйымдарды ғана шығарып үлгеріпті.

Марат Аманов, қала тұрғыны:

- Кеше басталды міне күндіз жүрдік. Обедтен кейін арнасынан шыға бастады, уже ЧС келді. Біздің адамдарымызды, келіншек, балаларымызды эвакуация шығарып жүрді. Еркектер қалды.

Үйлеріне су кірген тұрғындар қазір жақын маңдағы мектепке орналастырылған. Кешелі бері мұнда 90 адам жеткізіліпті. Оның 40-тан астамы кәмtлет жасына толмаған балалар. Білім ұясының ұжымы жауапты ұйымдармен бірге азық-түлік, гигиена заттары және өзге де қажетті бұйымдармен қамтуды қолға алған.

Шынаргүл Ақбалиева, қала тұрғыны:

- 20 минуттың ішінде менің үйім толып кетті, шыға алмай қалдым. Соңында погрузчикпен көршім алып шықты. Жаңа заттарымды жоғары көтердім. Былтыр кетті. Кредит алып, өйтіп-бүйтіп жамап істедік. Биыл кетті.

Қала ортасындағы Сазды өзені де толып жан-жаққа жайыла бастады. Мұнда қазір көпірлерге тіреліп, судың өтуіне кедергі жасап жатқан қалың мұз ойылып шығарылып жатыр. Ал облыс бойынша қазір Қобда ауданындағы ахуал күрделі. Себебі, өзеннің тасуынан аудан орталығындағы үйлерге су кірген. Жауапты ұйымдар күні-түні қызмет етіп жатыр.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД бастығы: 

- Қобда да тікелей айтатын болсақ, Маңғыстау облысынан жұмылдырылған 52 біздің әріптестер сонда жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі ақпарат бойынша үйлердің саны әлі саналып жатыр. суда. Анықтау жұмыстары мен ойлаймын, 1-2 күнде бізде нақты болады.

Өңірдегі жағдайға орай бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындарға үндеу жариялап, мұндай кезеңде сабырлылық сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, арнайы құрылған комиссия келтірілген шығандар бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев