БҚО-да бір қала мен 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы мен 4 ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Еріген қар суына бірнеше күн жауған нөсер қосылып, 5 көпқабатты үйді, 17 әлеуметтік нысанды және 455 үйді су алған.
Жағдай Сырым, Қаратөбе аудандарында күрделі.
Дәл қазір әріптесіміз Ерденбек Жылқайдарұлы бізбен тікелей байланыста.
Тасқынға тосқын қою жұмыстарына облыста 953 адам жұмылған, 265 дана техника мен 146 су сорғы құралдары тартылған. Ағын сумен арпалысқандарға көмекке өзге өңірлерден құтқарушылар және Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағы келіп жетті. Ми-8 тікұшақтары кеше күні бойы Қаратөбе ауданының Қоржын ауылы тұрғындарын аудан орталығына тасымалдады. Осыдан екі күн бұрын Жақсыбай өзенінің тасуы салдарынан аталған ауылдағы 130-дай үйдің бәріне дерлік су кіріп, 400-дей тұрғын ауылдағы екі қабатты мектеп ғимаратын паналауға мәжбүр болған еді. Олар Қаратөбе мектеп-гимназиясына орналастырылды.
Жадыра Аққалиева, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Ешқандай үй аман қалған жоқ. Түгел 100% кетті суға. Мектепте отырдық осы уақытқа дейін. Бір жақсысы, ешқандай адам шығыны жоқ. Бәрі аман. Сол 600-дей адам қалам деген, ер-азаматтар қалып жатыр. Бала-шаға, ауру-сырқау, әйел адамдар келіп болды. Малдың бәрі суда жүзіп, суда бақырып кетіп бара жатқанын көзімізбен көріп отырмыз, мектептің жоғары жағында отырып. Сең әлі қатты.
Төрт түлік пен дүние-мүліктің шығыны, үй-жайға келген зиянды апаттың беті қайтқан соң арнайы комиссия анықтамақ. Ал әзірге тасқыннан төнген қауіп сейілген жоқ. Қалдығайты өзенінің тасуы салдарынан қазір Қаратөбе және Шөптікөл ауылдары қызыл судың қоршауында қалды. Ер басына күн туғанда, етігімен су кешкен ер-азаматтар ауылды аман алып қалуға қарекет қылуда, - дейді аудан әкімдігінің өкілдері.
Нұртас Сафуллин, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Кеше түнде, таңға жуық үлкен тасқын су келді Қалдығайты бойымен, сең қозғалды. Қазір айналып орталықтың шеткі жағына, Шөптікөл жағынан ағып, басқа бір тұстардан су кіріп кету қаупі бар. Қазір ауыл тұрғындары, мекеме-ұйымдар, бірлескен түрде сол жерде қапшыққа топырақ қаптап, барлық техникалар жұмылдырылып, жасалып жатыр.
Мәди Қайырғалиев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:
- Ер-азаматтар ешбірі де бос емес. Бәрі де қолдарына күрек алып, осы суды бөгеумен, сумен алысып жатырмыз. Әйел адамдар келген халықты көріп, киімдермен қамтып, ыстық шай, психологиялық қолдау деген сияқты ұжым болып жұмыс істеп жатырмыз. Енді алда жақсы күндеріміз көп болсын деп тілейміз!
Аймақтағы ахуалға тоқталсақ, күні бүгін 4 аудан мен Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды. Ресми мәлімет бойынша, 455 жеке тұрғын үйді су алған. Алайда бұл соңғы дерек емес. Көрсеткіш күн санап өсуде. Қарғын судан зардап шеккен аудандардың қатарына кеше Бөрлі ауданы да қосылды деседі. Мұнайлы ауданындағы Ақсу кентінде кеше 156 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті.
Ерденбек Жылқыайдарұлы, "24.KZ", БҚО