Алматының арықтарынан 985 тонна қоқыс шығарылды

Алматыда арықтарға қоқыс тастап, айналаны ластаған тұрғындарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Себебі соңғы кезде арық жүйелерін, қоқыс лақтыратын контейнер ретінде пайдаланатындар көбейген. Арықтарға тіпті қолданыстан шыққан үй техникаларын тастайтындар да бар, - дейді коммуналдық қызмет өкілдері.

Арық ішінен ұсақ-түйек қоқысты былай қойғанда, ескі дөңгелектер, балаларға арналған бір реттік жаялықтар, ыдыстар, істен шыққан техника да табылған. Мысалы, мына бейнежазбада жұмысшылар арықтан тұрмыстық микротолқынды пешті шығарып алған.

Анаргүл Ноғаева, жұмысшы:

- Арықтың іші, урналардың сыртына шашып лақтырып кетеді, бәрінен де сол жаман. Адамдар жинақылау, тазалау болса, ең жақсысы сол. Қаламыз таза болса бәрімізге жақсы.

Биыл Алматыда арық желісін тазалау ерте көктемде - қар еріген бойда басталды. Қысқа уақыт ішінде коммуналдық қызметтер қаладан қыс бойы жиналған мың тоннаға жуық қоқыс шығарды. Бұл былтырғы жылдан 10 процентке артық, - дейді коммуналдық қызмет өкілдері.

Жүрсінғазы Рақымжанұлы, жұмысшы:

- Темекі шегіп, сусын ішіп бара жатады да көрінген жерге тастап кете береді. Өзіміз 120 километрден келеміз. Сағат 4-те тұрамыз, 8-де осы жерге келеміз. 2-3 сағат жол жүреміз. Бәрі осы ауылдан келеді, сол жанбағыс үшін. Халық үшін жұмыс істейміз.

Тау бөктерінде орналасқан Алматыда құбылмалы ауа райы қалыпты жағдай. Кеше күндіз 25 градус ыстық болып, кеш бата дауыл көтеріліп, арты нөсер жауынға ұласты. Салдарынан қаланың төменгі аудандарындағы жеке тұрғын үйлердің аулаларын су басты. Төтенше жағдай мен коммуналдық қызмет күшейтілген жұмысқа көшті. "Арық жүйелерінің бітелуі су басуға алып келді", - дейді мамандар.

Ерлан Баймұратов, Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілі:

- Алматы қаласындағы арық жүйесінің ұзындығы 1400 шақырымға жетеді. Бүгінде қаладағы арықтар 98 процентке тазартылды. Қазір бүкіл арық жүйесі жұмысқа дайын.

Алматының коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді. Аллеялар мен даңғылдардың тазалығына жауапты, қоғамдық орындарды ретке келтіріп, арықтарды тазартатын 1000-нан астам жұмысшы мен 500 техника бар. Олар күн сайын жүздеген тонна қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығарады. Сондықтан әкімдік тұрғындар мен қала қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеуге шақырды. Айналаны ластаған азаматтар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов