Алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 20,5 млрд теңгеден асты

Фото: 24.kz

Алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің борышы 20 млрд 700 млн теңгеге жетті.

Елімізде 16 мыңнан астам азамат баласын бағып қағуға қолғабыс етуден бас тартқан. Әкімшілік атқарушылық іс әсіресе Алматы мен Астанада жиі тіркеледі. Алайда Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли қарыз өтеу қарқыны былтырмен салыстырғанда биыл әлдеқайда жоғары дейді. Себебі мүлікке тыйым салу және мәжбүрлеп жұмысқа орналастыру сияқты кешенді шаралар оң нәтиже берген. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында бауыр еті балаларына берешек тұрғын медиация тәртібімен баспанасын берді. Ал арнайы рейд кезінде 329 автокөлік тұраққа қамалып, борышкерлерден 226 млн теңге қаржы өндірілді.

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

- Қазір Әділет министрлігі осы алименттік борыштың көлемін азайту мақсатында борышкерлердің өзге де есеп-шоттарына талдау жүргізетін болады. Ондай кіріс көздеріне электронды әмияндардан, букмекерлік компаниялардағы шоттардан, биржалық саудадағы бағалы қағаздар мен криптовалюталардан, дропшипингтер немесе алып-сату желілік маркетингтен және такси қызметтері сияқты өзге де кірістерден түскен қаражат алименттік төлемдерге заңға сәйкес өндірілетін болады.