Көкшетауда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Көкшетауда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Облыс орталығындағы қауіп әлі де сейілмей тұр. Соңғы деректер бойынша, 20-ға жуық жер үй мен бір балабақша су астында қалған. Сондай-ақ, көпқабатты оннан астам тұрғын үйдің ауласын қарғын су басты. Тасқынның алдын-алу үшін Тараздан қосымша күш пен техника тартылды. Құтқарушыларға курсанттар мен еріктілер көмектесіп жатыр. Шаһарда эвакуциялық пунктер де ашылды. Қазір оған елуден астам адам орналастырылған. Ал зардап шеккен тұрғындардың нақты саны әлі де белгісіз. Жүз адамнан тұратын арнайы комиссия мүшелері шығын көлемін есептеп жатыр.

Тұрар Сембаев, қала тұрғыны:

- Су деген бір жарты сағатқа жетпей, 20 минуттың ішінде үйге кірді. Түк істей алмай, ештеңені шығара алмай қалдық. Тек балалрды көшеге шығаруға үлгердік. Оларды туыстарға апардық. Дүние мүлік деген осы. Мынадай жағдайда қалды. Үйіміз енді ескі. Қорқып отырмыз құлап қала ма деп.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Егер судын көлемі тағы ұлғаятын болса, бізге қосымша инертті материал мен техника керек. Қазір бізде үш қауіпті жер бар. Судын екпінін тоқтатып қана, сору жұмыстарына кірісеміз. Тағы да су келіп қалу қаупі бар.