Парламенттік комиссия отырысы су мәселесін талқылады
Жиында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы айтылды.
Жасалған келісімдер мен бекітілген кестеге қарамастан, кейбір облыстар тиісті су көлемін ала алмай отыр. Су ресурстары және ирригация министрі географиялық ерекшелігіне байланысты Қазақстанның 8 су шаруашылық бассейнінің жетеуі трансшекаралық аймақта орналасқандықтан еліміз көрші мемлекеттердің су саясатына тәуелді екенін жеткізді. Бірақ соған қарамастан министрлік су үнемдеудің 2024-2026 жылдарға арналған жол картасын әзірленгенін атап өтті.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиясымен қамтылған аумақты 1,3 млн гектарға дейін ұлғайту қажеттілігін ескере отырып, біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын шығынды субцидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөнінде жұмыстарды бастадық.
Осыған орай Парламентаралық комиссияның Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен стратегиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін ауылдарды таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап өтті
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміздің осы тапсырмасын орындауға баса мән беру қажет. Көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Арнайы техникаларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңартуды қажет етеді. Тағы бір өзекті мәселе су сапасының нашарлауы. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана құрайды.
Сонымен қатар сенат спикері суды үнемдеу, ысырап пен ластануына жол бермеу, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Барлық салаға су үнемдеудің озық технологиясы мен заманауи жүйелерін енгізудің керек күттірмейтін мәселе екенін жеткізді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш