Ауыл тұрғындарын эвакуациялау басталды
Ақтөбе облысының Шығанақ Берсиев ауылында су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасты.
Ойыл ауданына қарасты елді мекендегі жергілікті мектепке 356 адам орналастырылған. Олардың жүзге жуығы бала. Тұрғындар білім ұясына да су келіп, қабырғаларына сызат түскенін айтады. Ауылға күндіз тікұшақ келіп, қона алмапты. Дегенмен үй төбесіне көтерілген 13 адамды құтқарып алған. Ал түнде облыс орталығынан азық-түлік, киім-кишек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар тиелген үш тік ұшақтың баратыны белгілі болды. Бортында медицина қызметкерлері, психологтар, құтқарушылар да бар. Әйтеке би ауданының Талдысай және Жүргенов ауылдарында да тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару басталды. Өңірдегі су тасқыны салдарын жою үшін Ақтөбеге Алматы қаласынан қосымша құтқарушылар тобы аттанды.