Семейде жарылыстан зардап шеккендерге өтемақы төленеді
Семейде шифер зауытындағы жарылыстан зардап шеккендерге өтемақы төленеді.
Бұл туралы кәсіпорын басшылығы хабарлады. Наурыз айының басында зауытта, ыстық су құбыры жарылып, 5 адам екінші қабаттан секіріп кеткен.
Дулат Күйіков шифер зауытында 5 жылдан бері еңбек етеді. Терезеден секіргенде бір аяғы екі жерден сынып, алақанына шыны кірген. Енді екінші операцияны күтіп отыр.
Дулат Күйіков, шифер зауытының жұмысшысы:
- Ыстық судың орнына бу жиналып қап сол атылды. Содан кейін бес адам секірдік. Екінші этаждан. Вариант болған жоқ. Күйеміз немесе өлеміз. Аяқты сындырып аман қаламыз.
7 наурызда ауруханаға түрлі дене жарақатымен зауыттың 5 жұмысшысы жеткізілді. Қазір екі адам амбулаторлық емге жіберілді.
Дарын Бақтыбаев, политравма және ортохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
- Үш науқас жатыр. Бір науқас политравма орталығында. Бір науқас ортохирургия бөлімінде. Бір науқас нейрохирургия бөлімінде. Жағдайлары тұрақты. Ауруханадағы қажет нәрселердің бәрі жасалды. Қосымша туыстарының немесе жұмыс орнының ешқандай қаражаттық көмектері керек жоқ. Бізде оперативтік емнің бәрі ақысыз түрде.
Зауыттағы жуынатын бөлме оқыс оқиғаға дейін бірнеше рет сыр берген. Мұны жұмысшылар басшылыққа талай ескерткен.
Дулат Күйіков, шифер зауытының жұмысшысы:
- Үш-төрт рет айттық. Түгелі білді. Әйелдерге де су жетпейді. Олар да шағым істеген. Су жетпейді деп. Директор келіп кетті. Анау-мынау деп. Көмек туралы түк айтқан жоқ. Істеймін, былай жазыңдар дейді. Ал оның сөзіне сенеміз бе, жоқ па?
Қайрат Мұқатов, шифер зауытының қаржы директоры:
- Біз еңбек инспекциясы және полицейлермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Зардап шеккен жұмысшыларға материалдық көмек көрсетіледі. Жұмыста болмаған күндеріне өтемақы төленеді.
Оқиғаға қатысты еңбек инспекциясында комиссия құрылды. Мәселенің мән-жайын тәуелсіз сарапшылар анықтайды.
Темірлан Әміртаев, Мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Сараптама ұйымымен келісім жасалып, сол кісілердің қазір біз комиссия мүшелері солардың жауабын тосудамыз. Қалай жауабы шығады, комиссия мүшелерінің тарапынан осы топтық жазатайым оқиға бойынша акт жасалатын болады. Қазіргі таңда Семей құрылыс материалдары бойынша акт дайындалған соң 2024 жылдың екінші тоқсанында немесе 2025 жылдың бірінші тоқсанында тексеру жұмыстары өткізіледі, Бұл жерде тек қана болған жазатайым оқиға бойынша емес, осы жұмысшылардың жұмыс барысы толықтай тексерілетін болады.
Жалпы былтыр облыста жұмыс орнында 88 жазатайым оқиғасы тіркелді. 107 адам жарақат алса, 7 жұмысшы мерт болды.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов