Абай облысында кәсіп ашқандар көбейді
Абай облысында мемлекеттің қолдауымен кәсіпкер атанғандар көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оларға төмен пайызбен несие және қайтарымсыз грант беріледі. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 363 адам тиімді несие алды. Ал биыл жобаға қанша адам қатысады?
Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендердің бірі – Жанар Мұсабаева. Ол Үржар ауылында жартылай фабрикат өндіретін цех ашқан. Қазір аудан тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнімін облыс көлемінде таратпақ.
Жанар Мұсабаева, Үржар ауылының тұрғыны:
- 4,5 миллион грант ұтып алдық. Үлкен көмек болды мемлекеттен. Соның арқасында көп құрал алдық. Қазіргі кезде 9 адамды жұмыспен қамтып отырмын.
Ал Қарауыл ауылының тұрғыны Дәрия Жанболатоваға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 миллион теңге несие берілген. Бұған 16 бас сиыр алған. Оның бесеуі асыл тұқымды. Қазір сүт өнімін өңдеп, саудаға шығарып отыр.
Дәрия Жанболатова, Қарауыл ауылының тұрғыны:
- Үйдің бір бөлмесін осылай цех қып ашып қойдым. Осы жерде бәрін жасаймын. Қайнатам. Анау ірімшік қайнатып жатырмыз. Қорамыз кішкентай. Енді қорамызды үлкейтіп, мына жақта азын-аулақ жеріміз бар. Ол жерге үлкен қора салып, кішкене мал басын көбейтсек деп ойлап отырмыз. Енді осындай сүт өнімі өзінен-өзі ет болады.
Былтыр Абай ауданының 17 тұрғыны республикалық бағдарлама арқылы 114 миллион теңге несие алған. Жоба биыл да жалғасады.
Медғат Түсіпов, Абай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы
- Жиыны 265 бас алды. Оның ішінде 140 бас сиыр. Қалғаны – жылқы малы. Көбі асыл тұқымды малдарды алып жатыр. Сиыр малын. Бүкіл ауылдарды аралап, аудан халқының табысын арттыру мақсатында тізім жасап, ол скрининг деп аталады. Жиыны негізі 100-ге таяу адам жасап қойдық, дайындап. Қаражат нақты мамыр айында белгілі болады.
Былтыр облысқа «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 миллиардтан астам теңге бөлінген. 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал биыл 500-ден астам тұрғынға жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.