Тараз тұрғыны құрма қосылған сүт өндіреді
Тараздық тұрғын баламасы жоқ сусын жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұхит Қалқабаев құрма қосылған сүтті шағын цехта өндіреді. Ерекше жобасы үшін мемлекттен грант алған. Бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Мұхит Қалқабаев 25 жылға жуық банк саласында қызмет еткен. Кейін тұрақты жұмысын тастап, кәсіпке ден қойды. Бастапқыда балаларына сусын жасау үшін банан мен құрма сынды түрлі жемістерді езіп, сүтке қосады. Онысы сәтті шыққан соң технологтармен бірігіп, 4 айдан бері құрма сүтін шығара бастады.
Мұхит Қалқабаев, кәсіпкер:
- Құрманың өзі пайдасы зор мол. Оны көпшілік біледі. Сүттің пайдасын бәріміз білеміз. Енді бұл екеуі қосылғанда жалпы мынау жүрек ауруына, жүрекке өте пайдалы. Тамыр ауруларына пайдалы. Жалпы адам ағазасына өте пайдалы.
Құрма сүтін жасау үшін алдымен пальма құрмасын сүйегінен тазартып, жеке қайнатады. Тосапқа айналған тұста сүтке қосып, қайтадан 90 градуста қайнатылады. Шағын цехта тәулігіне 400 құты тауар шығып жатыр. Олар әзірге Тараздағы сауда орындарында сатылып жатыр.
Айжан Құлматова, технолог:
- Өте пайдалы, ешқандай қоспа қант жоқ. Ішіне ештеңе қосылмайды. Басында кішкене ешкім білген жоқ қой. Өнім жай-жай өте бастады. Қазір елдің бәрі білген. Магазинге өткізген сайын сұраныс та көп болып жатыр. Ұсыныстар көп, үлгермей жатырмыз. Сүтті көбейтіп, тауарларды көбейтіп жатырмыз.
Мұхиттың жаңшылдығын жергілікті билік қолдап, 5 миллион теңге қайтарымсыз грант ұсынды. Бұл қаражатқа сүт қайнатуға арналған құрылғылар мен тоңазытыш алған. Кәсіпкер 4 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, құрма сүйегін де кәдеге жаратып, кофе жасамақ. Ол үшін мемлекеттен қолдау болса, – дейді.
Ислам Тұрсынбек, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Кәсіпкер екінші деңгейлі банктен несие алса, мысалы, 20%-тік несие. Даму қорына барып, келісіп, пайыздық үстемесін 20%-тен 7%-ке дейін түсіреді. Айырмашылығын мемлекет өзі төлейтін болады. Мысалы, ол жерде ауданда тұратын кәсіпкерлерге 7%-ке дейін түсіріледі, ал қалада тұратын кәсіпкерлерге 8%-ке дейін түсіріліп беріледі.
Жамбыл облысында былтыр инновациялық 4 жобаға 21 миллион теңге қайтарымсыз грант берілді. Биыл да үздік жобаларды қаржылай қолдау жалғасады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.