Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжат қабылдау басталды

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжат қабылдау науқаны басталды.

Биыл ережелерге бірқатар өзгеріс енген. Мәселен, «Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат», «Экономика» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 2 жылдан 1 жарым жылға дейін қысқарды. Сондай-ақ, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардан үміткерлер оқуға түсе алады. Ал қабылдау науқанының мерзімі 20 күнге қысқартылды. Құжаттар онлайн форматта 26 маусымға дейін қабылданады. Жаңа оқу жылында магистратура бойынша 120, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Академия ректоры Ерлан Әбіл оқуға қабылдау жөніндегі шешім 5 тамызда жарияланатынын атап өтті.

Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Сұхбаттасудың кезінде оның құндылықтарын, ой-өрісін, білім тереңдігін бағалайтын боламыз, сондықтан біз бағалаудың үлес салмағын жоғарылатып отырмыз. алдында 50 пайыздан 70 пайызға дейін көтердік. Бізге орта жасы магистратура 35, ал докторантура 40 жыл болса, еңбек өтілі 9 жылдан жоғары болып отыр. Енді осы межеден төмендемейміз деп ойлаймыз.

Айта кетейік, былтыр Мемлекеттік басқару академиясына 187 үміткер қабылданған. Ондағы басшы лауазымдардың үлесі 70%-ға жуық. Президенттің жастар кадрлық резервінен 3 маман оқуға түскен. Өңірлерден келген мемлекеттік қызметшілердің үлесі үштен екіні құрайды. Мемлекеттік грантпен қатар ақылы негізде қабылданғандар да бар.