Ақтөбеде комиссия шығынды есептеуге кірісті
Ақтөбеде су тасқынынан саяжай үйлеріне келген шығынды есептеу басталды.
Арнайы комиссия бау-бақша ұжымдарын аралап, баспанасы зақымданған тұрғындармен кездесті. Апат салдарын жоюға арналған шара бір айдан астам уақытқа созылады.
Сырым Бекімбаевтың үйі қазір тұруға жарамсыз. Себебі қарғын су аулаға тез толып, баспанаға кірген. Отағасы жұбайымен және жеті баласымен сыртқа шығып үлгерді. Қазір бәрі де жақын маңдағы мектепте жасақталған эвакуациялық пунктте орналасқан. Ал 2021 жылы сатып алған үйлері осымен екінші рет суға кетіп отыр.
Сырым Бекімбаев, қала тұрғыны:
- Су үйдің ішінде бір 50 мен 80 см аралығында кірді. Судың әсерінен бүкіл бытавой техникам кетіп қалды. Бүкіл мүлігім бәрі кетіп қалды. Газ плита, холодилник бәрі кетіп қалды. Біз халық бір-бірімізді құтқардық. ТЖМ де келді, мен тек документ алып үлгердім.
Райымбек Қолидоллаевтың баспанасы да кенеттен келген судан аман қалмады. Бала-шағасы мен қолындағы ата-анасын алып, тумаларымен бірге тұрып жатыр.
Райымбек Қалидоллаев, қала тұрғыны:
- 2011-де алдым мен бұл жерді. 14-те бітірдім салып. Үйдің ішіне кірді белортадан кіріп тұр.Жер берсе болды, басқа жерден салып алсақ, ешкімге міндетсінбеймін.
Бұл бау-бақша ұжымына қарғын су іргедегі Жеңішке өзені тасыған кезде келген. Қазір су бес үйге жеткен. Бүгін арнайы комиссия мүшелері әрқайсысын қарап зардап шеккендерге көмек берілетінін айтты. Бірақ, шығынды өтеу тиісті заң талабына сәйкес шамамен бір айдан астам уақытқа созылмақ.
Жақсат Төлегенов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
- Әрбір үйді бірінші тіркеп аламыз. Содан кейін оценщиктерге береміз. Бағалаушылар бізден кейін келіп, арнайы өздерінің мамандарымыз есептеу жұмыстары жүргізіледі. Есептеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін бізге береді. Біз тиісті қаржы сұратып ақшаларын шоттарына аударатын боламыз.
Қала аумағында шамамен 179 үй су астында қалған. Оның 100-ге жуығы бау-бақша ұжымдарының аумағында. Тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктерге қазір гуманитарлық көмек беру басталды. Жомарт жандардың жәрдемін еріктілер де жеткізіп жатыр. Азық-түлік, киім-кишек және өзге де қажетті заттар шалғайдағы Қобда мен Ойыл аудандарына да жөнелтіліп жатыр.
Зина Сұлтанова, қала тұрғыны:
- Қатты, түгел суға кеттік. Осы жерде қысылтаяңда жанымызға демеу болған, халыққа үлкен рахмет.
Көмек көрші өңірлердегі еріктілердің ұйымдастыруымен де жетіп жатыр. Ал қала бойынша 3 мыңнан астам адам эвакуациялық пункттерде орналасқан.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев