29 адамды ұрлаған топ ұсталды

Алматыда қылмыстық топ тұрғылықты жері жоқ адамдарды ұрлап, несие рәсімдеткен, деп хабарлайды 24KZ.

29 адам жалға алынған 2 қабатты үйде қамауда ұсталған жерінен табылды. Оларға 200 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері күдіктілерді ұстап, заттай дәлелдемелерді тәркіледі, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі мен жинақталған дәлелдемелер жиынтығы бойынша күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, оны басқарып, қатысқаны үшін 2 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық топтың барлық 7 мүшесі ұсталып, қамаққа алынды. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа да ақпарат тергеу мүддесінде жариялануға жатпайды.