Салтанат Нүкенова өлім аузында жатқанда Бишімбаев көріпкелге хабарласқан
Салтанат Нүкенова өлім аузында жатқанда Қуандық Бишімбаев жедел жәрдемге емес, көріпкелге хабарласқан.
Бүгін кезекті сотта жауап берген айыпталушы қаралы түні не болғандығын егжей-тегжей айтып берді. Күдіктінің сөзінше, марқұмның денесіндегі жарақаттарды ол өзі тайып жығылған кезде алған. Сот отырысында екінші айыпталушы - гасто орталықтың директоры Бақытжан Байжанов оған Бишімбаев қысым көрсетіп жатқанын айтты.
Риат Шони, тілші:
- Бүгінгі сот отырысында Қуандық Бишімбаев қаралы түн болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, «қарашаның 8-нен 9-на қараған түні ол Салатанат Нүкенованы өлімге әкелетіндей ауыр соққылар жасамаған. Ал марқұмның денесінің көгеруі және түрлі жарақат алу ол тайып жығылуының және де өзге заттарға ұрынып, соғынудың нәтижесі», – дейді экс-министр.
Сот отырысында Бишімбаевтың адвокаттары оқиға болған ғимараттың сызбасын және марқұм екеуі болған арнайы бөлменің фото суреттерін үлкейтілген форматта көрсетуді сұрады. Тіпті, бұл суреттер тергеу материалдарында барын да айтып, көндірді. Бірақ, сот залындағыларға көрсеткенде даталардың сәйкессіздігі байқалды. Бұл үшін сот Бишімбаевтың қорғаушыларына ескерту жасады.
Айжан Көлбаева, судья:
- Сіздер сотты және алқабилерді жаңылыстырдыңыздар. Бұл фотосуреттердің барлығы оқиға болған жерді қараған хаттамадан алынды дедіңіздер. Шын мәнінде мүлдем басқа суреттерді көрсетіп тұрсыздар. Сол себепті мынаның барлығын жинап алыңыздар. Ал сотты жаңылыстырғандарыңыз үшін іс аяқталған кезде, үкім шығарарда тиісті шара қабылданатын болады.
Бишімбаев марқұмның денесіндегі жарақаттар туралы да айтты. Сол күнгі жанжалда Салтанат Нүкенова әшекей бұйымдарын шешіп, ол әперген заттардың ешбірі қажет еместігін айтқан.
Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:
- Салтанат жынданып шалбарында шешкісі келді. Мен белдігінен ұстап тұрғанмын. Не істесеңде өзің біл деп жібере салдым. Сол сәтте ол қабырғаға бір ұрынып, бетімен унитазға соғылды. Қатты соққы болды. Кейін ол тұрып жүрмекші болды, бірақ тағы тайып жығылып, кафельге соғылды. Бұндай сәттер сол түні бірнеше мәрте қайталанды. Маған дөрекі сөйлеген кездерде қол көтергендерім де бар. Бірақ, ауыр жарақат әкелетіндей соққылар жасаған жоқпын.
Қуандық Бишімбаевтың бұл айтқандарымен жәбірленуші тарап келсіпейтіндігін айтты. «Сөздері шындыққа жанаспайды», – дейді марқұмның ағасы.
Айтбек Амангелді, марқұмның ағасы:
- 15-20 рет баспен унитазға ұрыну мүмкін емес. Бұған қалай жауап беру керектігін де білмеймін. Бишімбаевтың жедел жәрдем шақыртатын талай мүмкіндігі болды. Бірақ олай жасамады. Оны өзі де айтып отыр.
Қуандық Бишімбаев жедел жәрдем шақыртудың орнына көріпкелге хабарласқан. Бұны сотта өзі айтты. Сөзінше Салтанат Нүкенова өзі тайып жығылып, жарақаттар алғаннан соң ұйықтап қалған.
Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:
- Біз ұйықтап кеттік. Түске таман Салтанатты оята алмадым. Бұл сәтте оның сол жақ беті қатты көгергенін аңғардым. Қобалжыған соң мен таныс көріпкелге хабарластым. Барлығын түсіндірдім. Ол Салатанат қатты шаршаған, демалған соң оянады, кейін үйге барасыңдар деді. Көріпкелге сырттан бір дұға оқып жіберуін де сұрадым.
Осы арада Бишімбаев мейрамханаға гастро орталықтың директоры, өзінің бөлесі Бақытжан Байжановты да шақып алған. Дәрі-дәрмек әкелуін сұрап, бейне жазбаларды өшіруді талап еткен. Айтуынша, жұртқа танымал болғандықтан бұл видеолар әлеуметтік желіде тарап кетеді деп қауіптенген. Арада бірнеше сағат өткеннен кейін Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың денесі салқындап кеткенін байқаған. Сол кезде ғана жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ бұл уақытта Салтанат жан тапсырған. Айтпақшы, бүгінгі сот отырысында Бақытжан Байжанов оны Бишімбаевтан бөлек жерге отырғызуды өтінді. Себебі, ағасы оған қысым көрсетіп жатыр екен.
Бақытжан Байжанов, айыпталушы:
- Да, он всяческое давление на меня оказывает: «Так скажи, так скажи».
— По поводу дачи показаний?
— Да, поводу дачи показаний.
Отырыс барысында сол түні түсірілген видео жазбалар да, фотосуреттер де көрсетілді. Бірақ марқұмның ағасы Айтбек Амангелді БАҚ өкілдерінен бұл суреттерді еш жерде жарияламауды өтінді. Материалдарды марқұмның ата-анасы да көрмеген.
Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев