Жол азабын жүрген білер

Шығыс Қазақстанда Күршім мен Марқакөл ауданына жету мұңға айналды.

Адам өміріне қауіпті болғандықтан Бұқтырмадағы Қызыл ту өткелімен жүруге тыйым салынған. Ал паром тасымалын бастауға әлі ерте. Екі ортадағы көпір құрылысы да біткен жоқ. Сондықтан әрі-бері қатынаған жолаушылар қазір Алтай мен Қатонқарағайды басып өтіп, Бұқтырманы айналып жүруге мәжбүр. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қызыл ту өткелі мұз қалыңдағаннан бастап көктемге дейін облыс орталығын Күршіммен байланыстыратын ең тиімді қатынас. Қазір мінеки жабық тұр өйткені, Бұқтырманың бетіндегі мұз еріп жатыр. Дегенмен бұл өткелден өту қай маусымда болмасын адам өміріне қауіпті. Өткен қыста екі бірдей көлік мұз астына түсіп кетіп, бір адам көз жұмған болатын.

Наурыздың басынан бері мұзды өткелмен өтуге тыйым салынған. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері Бұқтырманың бойында жолаушыларды сақтыққа шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Алайда мұнда жүрекжұтқандар жетерлік. Бірі арғы жағаға өтуге талпынса, енді бірі зілдей автокөлікпен айдын ортасына дейін жетіп, балық аулап отыр. «Мұз әлі мықты» - деп бой бермей, дауласып та алады.

Дегенмен адам өмірін сақтау – басты міндет. Ескертуді елемегендерге айппұл салынады.

Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД аға маманы:

- Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодексінің 412 бабына сәйкес осындай Құқық бұзуға жол берген адамдарға 7 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл көзделгенін атап өткіміз келеді.

Отбасымен бірге саяхаттауды сүйетін Владимир Бойко жол қиындығын бір адамдай біледі. Қазір Марқакөлге жете алмай жүр. «Алтай, Қатонқарағаймен айналып бару тиімсіз. Сондықтан өткелдің зары әбден өтті», - дейді ол.

Владимир Бойко, көлік жүргізушісі:

- Екі бірдей ауданға жете алмай жүрміз. Біз әсіресе Марқакөл жақты жиі аралайтынбыз. Енді мінеки өткел жабық, көпір әлі салынып жатыр,ал Зайсан жақпен жүру тым ұзақ. Сонымен осы жерге дейін ғана жеттік.

«Ендігі үміт ескі паромдарда. Алайда мұз жұқарып қалғанмен су көлігін жүргізуге ерте», - дейді мамандар. Жалғыз амал мұзды ойып, жол ашу. Қазір Күршім ауданының әкімдігі осы шаруамен айналысып жатыр. Демек таяу күндері паром қатынасы ашылады.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- Паромның жүруі туралы 4-5 сәуір деп мөлшермен хабарланған болатын. Дегенмен мұзды жару жұмыстарында қиындықтар туындауда,себебі кейбір жерлер қалың,мұздың қалыңдығы-70-80 см сондықтан паромның жүруі тағы қосымша хабарланатын болады, Мұзды жару бойынша жұмыстар жалғасады.

Көне кемелер биылға шыдас берсе болғаны. Келесі көктемде Бұқтырманың үстімен салынып жатқан көпір құрылысы да аяқталады деген үміт бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов