Су тасқыны. Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жете бастады
Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек үлестіріліп жатыр.
Арнайы көмек су басқан аудандарға да жеткізілді. Ал қарғын судың салдарынан үйі мен малынан айрылған жандарға қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер және түрлі ұйымдардан бөлек, елдің өзге өңірлерінен жәрдем қолын созып жатқандар бар.
Біз қазір қаладағы гуманитарлық көмек қабылдау орталығында тұрмыз. Бұл су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету үшін бір апта бұрын ашылған болатын. Содан бері мұнда келіп, түрлі заттар тапсырып жатқан ақтөбеліктер аз емес.
Оның арасында, азық-түлік, киім-кишек, гигиеналық заттар және тағы басқа ең қажетті бұйымдар бар. Тіпті, белсенді азаматтардың көмегімен елдің басқа да аймақтарынан жеткізу тұрақты жолға қойылған. Мәселен, кеше Түркістан облысынан 30 тонна жүк жетіпті. Көмек үйлері су астында қалған тұрғындарға жеткізіледі.
Нақты кімдерге және қалай үлестіріп жатқаны туралы дәл қазір менің қасымда тұрған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Оразбаева айтуға дайын.
- Ләззат Аманжолқызы, су тасқынынан зардап шеккендерге осы көмек түрі қалай үлестіріліп жатыр? Бұдан өзге, ашылған қор немен айналысады?
Ләззат Оразбаева, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:
Ал су тасқынына байланысты өңірдегі жағдай туралы айтатын болсақ, су басқан елді мекендерден су сору, инертті материал төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.
ТЖД қызметкерлерінің хабарлауынша, қазір Қобда және Әйтеке би аудандарындағы жағдай қалыпқа келе бастаған. Мәселен, үлкен Қобда өзенінің тасыған суы қайта бастапты. Дегенмен, қалаға келер әлі қауіп бар.
Атап айтқанда, Қарғалы және Елек өзендерінде су деңгейі көтерілуі байқалады. Сондықтан жағасындағы бау-бақша ұжымдарын басу ықтималдығы жоғары. Дегенмен, жауапты мекемелер жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Су тасқыны басталғаннан бері 759 тұрғын үйді, 187 ауланы және 191 бау-бақша ұжымын су алған. 8749 адам эвакуацияланыпты.
Қарғын су басуынан өңірдегі 22 ауылмен жол қатынасы қиындаған. Соның ішінде, бүгінгі күні Ойыл ауданының орталығына баратын жол мүлде жоқ. Сондықтан, гуманитарлық көмек тек тікұшақтармен жеткізіліп жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, 24.KZ, Ақтөбе облысы