Ұзынсу ауылының маңайына жиналған суды бұруға 2 жерден жыра қазылды
Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында жергілікті тұрғындардан құрылған жедел топ пен аудандық құтқару қызметі түні бойы тасқын сумен күресті, деп хабарлайды 24KZ.
Өйткені ауылдың маңайына жиналған көп су елді мекенге бет алған. Бірақ шұғыл түрде жұмылдырылған арнайы техника қарғын судың бағытын адам тұрмайтын қауіпсіз аумаққа бұрды. Қазір жағдай тұрақты. Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылына тасқын қаупі туындаған соң облыстық жедел штаб республикалық маңызы бар «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» автокөлік жолының сол қапталына жиналған суды басқа жаққа бұру үшін екі жерден жыра қазды. Көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Мамандар облыстың солтүстік аумағын қатаң бақылауда ұстап отыр.
Асқарбек Омаров, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Қазіргі таңда облыстың солтүстік аудандары ерекше бақылауда. Железин ауданымен Тереңкөл аудандарында елді мекендердің еріген қар суын бұру бойынша бөгеттерді толықтыру бойынша және арықтарды оңалту бойынша әрекеттер жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша су тасқынына қарсы шаралардың барлығына 400 адам, 131 бірлік техника, 36 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды.