Қостанай облысында су қоймасы тасуы мүмкін. LIVE
Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары 1-2 күнде тасуы мүмкін. Қазір гидротехникалық нысанның төменгі жағындағы елді мекендерге қауіп төніп тұр. Бүгін жұртшылыққа арнаған үндеуінде облыс әкімі осылай деді. Аймақтағы ахуал жайында бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған тілшіміз Мағауия Қалиевтен сұрап білсек.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қаратомар мен Жоғарғы Тобыл су қоймасының аумағы – 180 шаршы километр. Әрқайсысында шамамен 600-700 миллион текше метр су бар. Осыдан-ақ бағамдауға болады оның ауқымын. Облыс әкімінің айтуынша, бірер күнде Қаратомар су қоймасы арнасынан асуы ықтимал.
Секундына 250 текше метрден астам су жүрген жағдайда төмен жатқан елді мекендерге үлкен қауіп төнеді. Атап айтқанда, Рудный қаласына қарасты Перцев ауылына, Бейімбет Майлин ауданының Юбилейный кентіне, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданы орталығының шеткі көшелерін су басуы ықтимал. Қазірдің өзінде Тобыл өзенінің денгейі көтеріліп, жақын маңдағы саяжайларға су кірген. Енді қоймадан жіберілсе, жағдай тіптен ушығады. Сондықтан Тобыл өзенінің жағасына жақын саяжай тұрғындары, сауда орталығы мен мейрамхана иелері қандай да бір жағдайға дайын болу жайында ескертілді. Жауапты басшыларға халықты мал мүлкімен эвакуациялау бойынша қажетті шаралар қабылдау міндеттелді.
Су қоймасы мен өзеннің тасуын оңтүстік аудандардағыдай тосын жағдай деуге келмес. Оның алдын алуға уақыт та, мүмкіндік те болды. Сондықтан қар қалың, су мол деген сылтау қабылданбайды. Егер қандай да бір нысанды су басса, әкімдерге қатаң шаралар қолданылады. Облыс басшысы осылай деп ескертті.