16 мектепте эвакуациялық пункт жасақталды. LIVE
Ақтөбедегі 16 мектепте эвакуациялық пункт жасақталды.
Қазір ол жерлерде мыңнан астам адам орналасқан.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Біз қазір қаладағы №8 орта мектепте орналасқан эвакуациялық пунктте тұрмыз. Мұнда қазір 81 адам орналасқан. Олардың 40-қа жуығы бала. Отбасы мүшелерінің саны және жағдайына орай, тиісті жағдай жасау қалыпты жолға қойылған. Мәселен, көп балалы жанұяға бөлек бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, адамдар бөлек және балалармен бірге әйел адамдар бөлек жайғасқан. Ал эвакуациялық пункт жасақталған бір аптадан бері мұнда болған адамдардың саны 150-ден асқан. Негізінен жақын маңдағы бірнеше бау-бақша ұжымдарының тұрғындары. Ал оларға мұнда қажетті көмек түрлдері көрсетіліп жатыр. Азық-түлік, жеміс-жидек, және т.б. көмек түрі тұрақты жетіп тұр. Ал осы мектептегі оқу үрдісі және осында келген балалардың білім алуы туралы қазір менің қасымда тұрған мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева айтуға дайын.
Жалпы, облыс бойынша 30-дан астам білім ұясы су тасқынына орай қашықтан оқу жүйесіне көшірілген. Ал, өңір бойынша өткен түні Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгетінің суға толуына байланысты оның бұзылғаны туралы ақпарат тарады. Салдарынан Бесқоспа, Қызылту ауылдары және Алға ауданының Табантал қыстағы ықтимал су басу аймағында. 215 адам, оның ішінде 96 бала Бесқоспа ауылының орта мектебіне және туыстарының үйлеріне эвакуацияланды. Сол бөгеттің бұзылуынан қала маңындағы су қоймасыда толып, нәтижесінде Елек өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы өткен түнде қала әкімі ақтөбеліктерге арнаған кезекті үндеуінде айтып өтті. Ал қарғын судан зардап шеккендерге келтірілген шығын көлемін анықтау ісі жүріп жатыр. Мәселен, қаланың Астана ауданына қарасты бау-бақша ұжымдарында бағалаушы компания өкілдері жұмыс атқаруда. Келесі апташахардың өзге де бөлігінде жүретін болады. Бұдан өзге, тасқыннан зардап шеккендерге бір жолғы төлемақы беріледі.