БҚО-ға гуманитарлық көмек жөнелтілді

Батыс Қазақстан облысында 550 үйді су басып 7 мыңдай адам эвакуацияланды.

Қиындықты жеңуге барша қоғам атсалысып жатыр. Облыстық орталық мешіт жанынан «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылды. Мешітке келушілерден жиналған қаржыға аудандарға азық-түлік, киім-кешек жіберіліп жатыр. Ал этномәдени бірлестіктердің күшімен су басқан ауылдарға 29 миллион теңгенің жәрдемі жөнелтілді. Жақында гуманитарлық жүк Қаратөбе ауданына аттанса, енді кезекті көмек Бөрлі ауданына бет алмақ.

Самат Әлібаев, ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы:

- Әуелі халықты сабырлылыққа, бірлікке, ауызбіршілікпен көмектесуге шақырамыз. Жалпы осы жағдай болған күннен бастап Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тапсырма берді, барша қайырымдылық шаралары болсын, баршасын мешіт жанынан атқаруға, ауылдарға барып қиындыққа ұшыраған ағайынға қарайласуға үндеп жатыр. Сондықтан мешіт жанынан «Қайырымдылық керуені» ашылды.

Елғон Жаналиев, Әзербайжан Ұлттық мәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы:

- Осы табиғат апаты айтып келмейді. Облыс тұрғындары үшін, зардап шеккендер үшін бір қиындық. Бірақ әр қиындықтан кейін бір жеңілдік бар деген. Біз ассамблея болып, этномәдени бірлестігі болып, облыс кәсіпкерлерімен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем қолын ұзатамыз.