Тасқыннан зардап шеккендерге жылу жинап жатыр

Қызыл судан зардап шеккен өңір тұрғындарына барша қазақстандықтар қол ұшын беруде.

Елдегі жағдайға бей-жай қарай алмаған, белсенді азаматтар, қайырылымдылық шараларына ұйытқы болып, көмекке мұқтаж өңірлерге жылу жинап жатыр. Қазір гуманитарлық көмек зардап шеккен аймақтарға, елдің түкіпір-түпкірінен жөнелтілуде.

Қиын сәтте Қазақ елі бірлігі мен ынтымағын таныта білді. Талай сыннан өткен еліміз бұл қиындықты да қаймықпай еңсереді. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға көмек Қазақстанның әр тарапынан келуде.

Түркістан облысы

Жақыныңа, өз еліңе жанашыр болдуың  нағыз үлгісін Бәйдібек ауданының азаматтары көрсетуде.

Атырау облысы

Қазақ жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Тасқыннан зардап шеккен ағайынға қол ұшын беруге құлсарылық азаматтар да ұйытқы болды.

Қызылорда облысы

Арнайы жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмектер апатты аймақтарға еліміздің барлық өңірлерінен жөнелтілуде. Игі істердің ортасынан Жаңақорған тұрғындары да табылып, ел жағдайына бей-жай қарамайтынын көрсетті.

Халыққа көмек беріп, жылу жинауға атсалысып жатқан жекелеген азаматтар, кәсіпкерлер, блогерлер мен журналистер бар. Нұрбек Бекбау өз парақшасында тасқын шайып кеткен ауылдарға киіз үйлер апаруды қолға алғанын жазған. Сондай-ақ журналист Оңғар Қабден бастаған азаматтар Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Торғай ауылына гуманитарлық көмек жеткізген. Ал «24 кз» телеарнасының жүргізушісі Азамат Әбілқайыр әлеуметтік желідегі оқырмандарының көмегімен Ойылдағы ауылдастарына 5 млн теңгеден астам қаржылай көмек жинаған.

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші:

- Туған жерім Ойылға, жерлестеріме көмек керек деп құрметті достар өзімнің инстаграмымда, тиктокта көмек сқраған едім. Зардап шеккен ауылдастарыма көмек болсын деп 100, 1000 мыңге болса да қолдаңызшы деп алдарыңызға шыққан едім.

Жақсылықтың үлкен кішісі жоқ. Елдегі жағдай кім-кімді болсын елеңдетпей қоймас.

Жамбыл облысы

Ал бұл балалалар қайырымдылық шараға асық жинау арқылы атсалысқан.  Бала жастан елді ойлаған оқушылардың әрекеті желі қолданушыларының таңданысын тудырды.

ШҚО

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға оқу орындарының студенттері де көмек қолын созуда. Шығыс Қазақстан университеті жастарының ұйытқы болуымен апат болған өңірлерге азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар, киім-кешек жөнелтілді.

Қызыл судан зардап шеккендерге «Қазақстан Халқына» қорынан да көмек беріледі. 5 млрд теңге қаржы жаңа үйлер салуға, тұрғындардың басқа да шығындарын өтеуге бағытталады.

Марат Мұхамедсалиев, «Қазақстан Халқына» ҚҚ ресми өкілі:

- Ол қаражат 200 тұрғын үй салуға жеткілікті. Енді 30 сәуірге дейін барлық қайырымдылықтар зардап шеккендерге ауылдың тұрғын үйлерін салуға жіберіледі. Қор сайтында донолар мен аударылған қаржының есебі орналастырылады. Енді 5 сәуірдегі жағдайға байланысты қордың шотына компаниялар мен жеке тұлғалардан 850 млн сомаға қайырымдылық жарналар түсті.

Елде тасқынға қарсы шаралар белсенді жүргізіліп жатыр. Ал зардап шеккен, көңілі жадау жұртты қолдау ісі одан әрі қарқын ала түсті.

Авторы: Қуандық Танабас