Елорда тұрғындары су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек жіберді
Елорда тұрғындары да су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр.
Әзірет Сұлтан мешітіне ағылған жамағат азық-түлік, киім-кешек, көрпе-жастық жеткізді. Сонымен қатар тасқынмен күрес шараларына қажетті күрек пен қапшықтар да ала келген. Қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік танытып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу - асыл дініміздің айқын көрінісі, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері.
Ерболат Жүсіпов, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы:
- Бас Мүфти Наурызбай қажы «Қиындықта ел бірге!» деген үлкен ұран көтерген болатын. Осы шараның аясында бүкіл Қазақстандағы мешіттер елден жылудың жиналуына ұйытқы болып жатыр. Біздің бесінші үлкен фура жолға шығып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, Қостанайға ең бірінші жылу жібердік. Кейін Ақтөбеге 2 фура жібердік. Кейін Оралға кетіп жатыр.