Ұлттық ұлан сарбаздары Құлсарыға көмекке келді. LIVE
Құлсары қаласындағы жағдай әлі күрделі.
Ұлттық ұлан сарбаздары көмекке келді. Аудандық ауруханадағы науқастар түні бойы Бейнеу ауданына эвакуацияланды. Тұрғындар Теңіз кен орнына орналастырылды. Көрші Маңғыстау облысының тұрғындары да көмекке келіп жатыр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Иә, Жылыой ауданындағы ахуал әлі де тұрақталмай тұр. Құлсары қаласында 2500-ден аса тұрғын үй, мемлекеттік ғимараттар су астында қалды. Қазір де эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Тасқынға қарсы жұмыстарға облыс орталығынан 30 полиция қызметкері, Ұлттық ұланның 80 сарбазы келді. Көршілес Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан көмекке келген әскерилер де жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылған.
Әбдіманап Ергеш, 99116 әскери бөлімшенің арнайы мақсаттағы барлау-шабуылдау батальонының сержанты:
- Арнайы мақсаттағы барлау полкінен 55 әскери қызметші осында, Құлсары қаласына су тасқынына көмектесуге келдік. Тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз, үзіліс болған жоқ. Эвакуацияға қатыстық. Ең бірінші, халыққа көмектесу, ең бастысы.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Төтенше жағдай жарияланып, эвакуациялау жұмыстары басталғалы 12 500-ден аса тұрғын қауіпсіз жерге орналасқан. Аудан әкімі орынбасары Гүлнәфис Айшуақованың сөзінше, қазір Құлсары қаласының 50%-ке жуығы суға кеткен.